Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Halyk Bank Қырғызстандағы еншілес компаниясын Forbes Kazakhstan тізіміндегі миллионерге сатты

kz.kursiv.media

Halyk Bank Қырғызстандағы еншілес компаниясын Forbes Kazakhstan тізіміндегі миллионерге сатты

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қырғызстандағы еншілес ұйымның 100 % акциясын сатты. Сатып алушы – Visor International DMCC инвестициялық тобының құрамына кіретін консорциум. Бұл туралы қаржы ұйымының Қазақстан қор биржасына жолданған хабарламасында жазылған.

«Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы (LSE: HSBK; KASE: HSBK, HSBKd; AIX: HSBK, HSBK.Y) Visor International DMCC инвестициялық тобының («Visor») құрамына кіретін сатып алушылар консорциумының пайдасына «Халық Банк Қырғызстан» ААҚ-тың 100% акциясын сату бойынша мәміленің аяқталғанын хабарлайды», – делінген ақпаратта

Хабарламада мәміле құны нақтыланбаған. Қырғызстан Халық банкін активтер мен кірісі бойынша орташа қатарға жатқызуға болады. Halyk Bank-тың көрші елдегі «еншілесі» көбіне корпоративті клиенттерге қызмет көрсетеді.

Банк Қырғызстандағы еншілес ұйымын Visor тобына сататынын 2023 жылдың қараша айында хабарлады. Тараптар 3 ай Қырғызстан реттеушісінің мақұлдауын күткен.

Halyk Bank-тың басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова қырғызстандық еншілес банкті сату себебін: «Біз коммерциялық себебіне қараймыз, бұл бизнес-шешім», – деп түсіндірген еді.

2022 жылы Halyk Bank Тәжікстан мен Ресейдегі еншілес банктерін сатқанын ескеретін болсақ, Halyk Bank-тың Қырғызстаннан кетуі тосын шешім емес.

Қырғызстандағы банкті сатып алған Visor International DMCC инвестициялық тобының иесі – Forbes Kazakhstan тізіміндегі миллионер Айдан Карибжанов. Ол Forbes нұсқасы бойынша, Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде 19-шы орында тұр. Активтерінің құны 226 миллион долларға бағаланған. Visor арқылы Greencity KZ, Northern Wind Kazakhstan, Aua Energy, Aspan Energo, Sarma Energy компанияларында акцияларына иелік етеді.

Қырғызстанда Visor – «НұрТелеком» мобильді операторының иесі. Бұл компания «О!» брендімен көбірек танымал. Тап осы «О!» компаниясын дамыту үшін холдингке мобильді оператор шеңберінен шығып, Halyk-пен Қырғызстандағы банкті сатып алу туралы келісім жасау керек болды. Дегенмен бастапқыда Visor көрші республикада банк құрылымын жаңадан құруды ойластырған.

Халық банкінің негізгі акционерлері – Тимур мен Динара Құлыбаевтар. Олар ALMEX холдингі арқылы банктің 56,4%-ын иеленеді. Акцияның 23,14%-ы номиналды тұлға ретінде әрекет ететін және Лондон қор биржасында сатылатын депозитарлық қолхаттарды шығаратын Bank of New York банкіне тиесілі.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
1 мамыр 2024