Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Казино мен букмекерлік кеңселердің ойыншылары биометрикалық тексерістен өтеді - Мәжілісте арнайы заң жобасы талқыланып жатыр

kz.kursiv.media

Казино мен букмекерлік кеңселердің ойыншылары биометрикалық тексерістен өтеді - Мәжілісте арнайы заң жобасы талқыланып жатыр

Мәжілісте лудоманияға қатысты заң жобасы талқыланып жатыр. Заңға сәйкес 25 жасқа дейінгі азаматтарға құмар ойын ойнауға рұқсат берілмейді. Сондай-ақ казинолар мен букмекерлік кеңселердің жарнамасына тыйым салынады.

Мәжіліс депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл заң жобасының қарастырылып келе жатқанына 2 жыл болған. Кейбір нормаларға реттеушілік талаптар бойынша талдау жүргізу мақсатында Үкіметтің қорытындысын алуға 1,5 жыл кеткен. Депутат көптен бері Мәжілістің талқылауына жете алмай келген бұл заңды қабылдауға құмар ойынына шырмалғандар санының артуы себеп болғанын айтты.

«Деректерге жүгінсек, соңғы екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы құмар ойын ойнайды немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Ең, өкініштісі, бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнаған», – дейді депутат.

Сонымен бірге депутат лудоманияның отбасы институтының әлсіреуіне әкеліп отырғанын алға тартты. Айтуынша, елдегі ажырасулардың 40%-на лудомания тікелей себеп болып отыр. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені осы құмар ойындарға шалдыққандар.

«Былтыр Алматы облысында жантүршігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыз өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қылмыскер лудоман болған, болмашы ақшаға үш бірдей адамның өмірін қиды», – деді депутат.

Сонымен бірге депутаттар құмар ойындардың суицид көрсеткіштерінің өсуіне де әкеліп отырғанын айтты. Мәслелен, 2022 жылы елімізде 3 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болған. Олардың әрбір бесіншісінің өлімінің себебі осы лудоманиямен байланысты болып шыққан.

Заңда букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу ұсынылып отыр. Солайша үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады.

«Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады», – деді депутат.

Сондай-ақ заң күшіне енсе, белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар да мұндай ойын түрлерін жарнамалай алмайды.

Жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етілмек.

Заң жобасында өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігін шектеу көзделген. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғалар құмар ойындарға қатысып, бәс тіге алмайды.

«Ал заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – деді Бейсенбаев.

Сонымен бірге заңда шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу көзделеді. Сондай-ақ букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті бекітіледі.

«Ұлттық Банктің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Әділет министрлігінің базаларын біріктіру арқылы ойнаушының тұлғасы бейнеметрикалық тұрғыдан анықталады»,– деді Бейсенбаев.

Сонымен бірге заң жобасына сәйкес, құмар ойнайтындар қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өтуі міндеттеледі. Ал мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің құмар ойындарына қатысып, бәс тігуіне мүлде тыйым салу көзделіп отыр. Бұл норма күшіне енсе, 220 мыңға жуық мемлекеттік қызметкердің құмар ойын ойнауына шектеу қойылмақ.

Еске сала кетсек, Қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады.

Сонымен бірге заң жобасында құмар ойындарда бәс тігу жасы ұлғайтылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 21 жастан асқан азамттарға құмар ойындарына бәс тігуге рұқсат етілген. Жаңа заң жобасында бұл шектеу кеңейтілген, енді 25 жасқа толмаған адамға бәс тігуге тыйым салынбақ. Ал ойнау жасына келмеген азаматтарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынып, қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатылады.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
4 мамыр 2024