Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

АҚШ Президенті TikTok-ты бұғаттауы ықтимал заң жобасына қол қойды

kz.kursiv.media

АҚШ Президенті TikTok-ты бұғаттауы ықтимал заң жобасына қол қойды

АҚШ президенті Джо Байден егер қытайлық иесі бір жыл ішінде сервисті сатпаса, TikTok-ты бұғаттайтын заңға қол қойды. TikTok бұл шешімді сотта даулап және жеңіске жететініне сенімді.

Байден 24 сәуірде қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok-ты бір жыл ішінде сатуды талап ететін заңға қол қойды. Егер компания мұны жасамаса, әлеуметтік желі Америка Құрама Штаттарында бұғатталады.

ТикТок бұл шешімнің үстінен сотта шағымдануға уәде берді. Компанияның бас директоры Шоу Цзу Чу сотта жеңіске жететініне сенімді. «Біз ешқайда кетпейтінімізге сенімді болыңыз Дәлел мен Конституция біз жақта және тағы да жеңіске жетеміз деп үміттенеміз», – деп Reuters агенттігі топ-менеджердің сөзін келтіреді. Шоу Цзу Чудың айтуынша, Америка Құрама Штаттарында қабылданған және қол қойылған заң – шын мәнінде бейнесервис қызметіне тыйым салу, бірақ компания шешімді даулап жатқан кезеңде жұмысын жалғастырады.

АҚШ-та TikTok-тың бұғатталуы Instagram мен Facebook-ті иеленетін – Meta, сондай-ақ YouTube-ті иеленетін Google компаниясына тиімді. Бұл туралы сарапшылар консенсусына сілтеме жасай отырып The Wall Street Journal жазады. Бернштейн есебінше, TikTok-тың жарнамалық кірісінің 55-60%-ы Meta-ға тисе, YouTube тағы 25%-ын алмақ.

Вашингтон TikTok-тың қытайлық иесі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп санайды. Ал TikTok мұны жоққа шығарады. «Бірнеше жыл бойы Қытай Коммунистік партиясына Америкадағы ең танымал қолданбалардың бірін басқаруға рұқсат бердік, ол қауіпті болды. [Қабылданған заң] Бұл Америка үшін жақсы шешім», – деді ықпалды сенатор Марко Рубио.

Елдің бұрынғы президенті Трамп та АҚШ-та TikTok-ты, сондай-ақ қытайлық WeChat мессенджерін бұғаттауға тырысты. Reuters агентігінің жазуынша, 2020 жылы оның бастамасына сот тосқауыл қойған. Қазіргі уақытта Америка Құрама Штаттарында шамамен 170 миллион адам TikTok пайдаланады.

Қазақстанда да сервисті бұғаттау мәселесі көтеріліп жүр. Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, TikТok желісіне шектеу енгізуді сұраған. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

22 сәуір күні Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді.

«(TikТok) бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады», – деді Аида Балаева.

Сонымен бірге БАҚ өкілінің TikТok желісі елімізде мүлдем жабылуы мүмкін бе деген сұрағына министр бұл мәселенің әлі талқыланатынын айтқан.

Компания өкілдері Мәдениет министрінің пікіріне жауап беріп, Қазақстанда құзырлы мекемелермен бірлесіп жұмыс істеп отырғанын мәлімдеген.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
4 мамыр 2024