Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Рейтинг көрсеткіштері: Су ресурстары және ирригация министрлігі ең соңғы орында

kz.kursiv.media

Рейтинг көрсеткіштері: Су ресурстары және ирригация министрлігі ең соңғы орында

«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы Қазақстан элитасының басқарушылық рейтингін жариялады. Онда ведомстволар мен шенеуніктердің беделіне баға берілген. Біз бұл рейтингтегі министрліктердің беделіне жеке тоқталғанды жөн көрдік.

Орталық зерттеуді 2024 жылдың 8 сәуірінен 20 сәуіріне дейінгі аралықта 23 сарапшыдан сауалнама алу әдісі арқылы жүргізген.

Рейтинг бойынша алдыңғы орындарда Сыртқы істер министрлігі тұр. Сарапшылар бұл ведомство жұмысын 4,2 ұпаймен бағалаған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштен бір саты жоғары. Сарапшылар Сыртқы істер министрлігінің жалпы жұмысының жаман еместігін, бұрын салынған жолмен жүріп келе жатқанын айтқан. Министр Мұрат Нұртілеуге инвестиция тарту жұмыстарына мән беру ұсынылған. Мамандар мұнай өндірісінен басқа салаларға да инвестор тарту маңыздылығын атап өткен.

Содан кейінгі орында Аида Балаеваның ведомствосы тұр. Сарапшылар 4,14 ұпай иеленген Мәдениет және ақпарат министрлігін тиімді жұмысы үшін жақсы бағалаған. Бұл орайда Аида Балаеваның жеке беделі 4,3 ұпайды құраған. Ведомствоның тиімді жұмысымен қатар, ашықтығы ерекше аталған. Сонымен бірге сарапшылар министрдің жеке басының беделі жоғары екенін, министрлікке тиімді басшылық ете алғанын оң бағалаған.

«Соңғы 5-7 жылдағы ең тиімді жұмыс істеген ақпарат министрлерінің бірі шығар», – деген баға берген сарапшылар.

Одан кейінгі орынға 3,53 ұпаймен Ғылым және жоғары білім министрлігі орналасқан. Жалпы министрліктің беделі жыл басынан бері көтерілген. Бірақ сарапшылардың министр жұмысына көңілі толмайды. Олар Саясат Нұрбектің мемлекет басшысының бірде-бір тапсырмасын орындай алмағанын айтқан.

«Ол президенттің бірде-бір тапсырмасын орындаған жоқ. Биыл Алматыдағы жоғары оқу орындарын Қонаевқа көшіру керек. Бірақ бұл бағытта жұмыс байқалмайды. Ректорлар оны өз беделімен жаншып жатыр. Көп нәрсе, іс жүзінде емес, сөз жүзінде қалып қойды»,– дейді сарапшылар.

Сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің рейтингі 8 позицияға дейін көтеріліп, 3,45 ұпай жинаған. Сарапшылар министрліктің жұмысына нақты баға бермеген. Бірақ ведомствоның қазіргі басшысының бұрынғы басшыдан әлдеқайда жақсы жұмыс істеп жатқанын атап өткен.

Рейтингте өткен жылғы позициясынан 7 орынға төмен құлдилаған ведомствоның бірі – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі. Сарапшылар министр Бағдат Мусиннің ақпараттық ашықтығын салыстырмалы түрде жоғары бағалағанымен, министрлік жарнамасы мен шулы пиарын сынға алған. Сауалнамаға жауап берген мамандар «IT саласы банктердің қолына өтіп кете ме» деп қауіптенетінін жеткізген. Жарнамасы жақсы жүргенімен, жобаларға миллиардтаған қаражат жұмсалғанымен министрліктің жұмысы әлі де әлсіз істейтін eGov платформасының жұмысынан көрінетінін атап өткен.

Айта кетейік бұл рейтингте басқа шенеуніктер мен Қазақстан элитасына қатысты баға берілген. Міне сол жалпы рейтингте ең соңғы орынға орналасқан ведомство – Су ресурстары және ирригация министрлігі. Оның жұмысын сарапшылары небәрі 2,21 ұпайға бағалаған. Ол жалпы рейтингте 47-орында тұр. Солайша ең тиімсіз министрлік ретінде танылған. Сарапшылар пікірінше, министрлікте кәсіби кадрлар жетіспейді.

«Бұл ең маңызды салалардың бірі, бірақ министрлікте кәсіби мамандар аз», – дейді сарапшылар.

Ал министр Нұржан Нұржігітовті «кездейсоқ адамға» балап, облыс әкімі қызметінде де өзін мүлде көрсете алмағаны, қазіргі жұмысында да дәл солай қызмет етіп жатқаны айтылған.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
5 мамыр 2024