Embraer 190 ұшағы апатының саяси астары

Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer 190 ұшағының апаты бойынша тергеу жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға наурыздың басында болды. Бортта негізінен әзірбайжандық жолаушылар болған. Оқиға орнына алғашқы болып Қазақстанның шұғыл қызметі жетіп, құтқару және тергеу жұмыстарын ұйымдастырды. Тергеу халықаралық құрылымдармен, оның ішінде Әзірбайжан мен Ресейдің тиісті органдарымен тығыз байланыста жүргізіліп келеді. Соған қарамастан, шетелдік БАҚ-та, әсіресе еуропалық, түрік және әзірбайжандық ақпарат құралдарында Ресейдің кінәсі туралы болжамдар тарала бастады. Кейбір дереккөз апат орнынан алынған суреттерге сүйеніп, фюзеляждағы зақымдарды жарылғыш заттардың әсерінен болған деп түсіндірді. Қазіргі кезде техникалық ақау мен сыртқы әсер нұсқалары да қаралуда. Кейбір бақылаушылар белсенді әскери іс-қимыл немесе әскери инфрақұрылым маңындағы әуе кеңістігінің жоғары қауіптілігін атады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда азаматтық авиация қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа хаттама әзірлеу қажет. Әзірбайжан билігінің оқиғаға қатысты ресми жауабы жылдам әрі қатаң еді. Қайғылы жайттан бірнеше күн өткен соң Әзірбайжан Ресей азаматтарына визалық шектеу енгізіп, олардың елде болу мерзімін жылына 180 күннен 90 күнге дейін қысқартатынын мәлімдеді. Президент Ильхам Әлиев апаттан кейінгі алғашқы күндері Ресейдің жауапкершілігі туралы ашық мәлімдеме жасады, бірақ кейінірек арыны басылды. Дегенмен, бұл оқиғаның саяси салдары әлі де байқалып отыр. Соңғы жылдары Әзірбайжан Түркия және Орталық Азия елдерімен әріптестікті нығайту бағытында белсенді саясат жүргізіп келеді. 2023 жылы Астанада өткен аймақ елдері басшыларының кездесуінде Ильхам Әлиев қауіпсіздік саласында тығыз ынтымақтастыққа шақырды. Бұл бастама түркі ынтымақтастығы аясында дамып, Әзірбайжанның Түркиямен, Қазақстанмен және басқа елдермен бірлескен әскери жаттығу мен білім беру жобаларына қатысуымен жалғасуда. Тарихи тұрғыда Әзірбайжан Ресеймен, Түркиямен, Иранмен және Батыспен теңгерімді қатынас саясатын ұстанды. Алайда қорғаныс саласындағы түркі интеграциясына қызығушылықтың артуы сыртқы саясаттың жекелеген бағытын қайта бағдарлау әрекетін көрсететіндей. Бұл үдеріс көпполярлық және Еуразиядағы жаңа қауіпсіздік архитектурасы жағдайында дамып жатыр. Осы тұрғыда Қазақстанның тұрақтылық пен аймақтық саясаттың болжамдылығына мүдделі мемлекет ретіндегі рөлі ерекше маңызды. Қазақстан апатты тергеп қана қоймай, бейтарап ұстанымын сақтап, шиеленісті төмендетуге және елдер арасындағы диалогты қолдауға үлес қосуда. Ірі апат салдарынан туындауы мүмкін дипломатиялық дағдарысты болдырмау үшін осындай көзқарас бағалы. Осылайша, Embraer 190 ұшағының апаты авиациялық қауіпсіздік үшін ғана емес, сонымен бірге халықаралық қатынастың тұрақтылығы үшін де сынақ болды. Қазіргі кезде басты басымдық оқиғаның себептерін объективті және жан-жақты тергеу және барлық тарап арасындағы сындарлы диалогты сақтау.
- Соңғы
- Танымал
Күнделікті жаңалықтар
19 сәуір 2025