Астанада автобус 22 жастағы қызды қағып өлтірді
Астанада автобус жүргізушісі 22 жастағы бойжеткен қызды қағып кетті. Жапа шегуші алған жарақатынан мерт болған. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдедi. «Жұбан Молдағалиев көшесінде маршруттық автобустың жүргізушісі белгіленбеген жерден өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. Алған жарақаттарының салдарынан жаяу жүргінші көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру жүргізілуде. Қылмыстық іс шеңберінде біз көлік басқармасына жол-көлік оқиғаларының туындауына немесе жасалуына ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыным жіберетін боламыз», – деп мәлімдеді Астана қаласы Полиция департаменті Анықтау басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әсет Сүлейменов. Мерт болған қыздың есімі – Кан Лолита Евгеньевна. Туыстарының айтуынша, бұл қайғылы оқиғаның болуына бірнеше жағдай себеп болған. «Оқиға болған жерде жаяу жүргіншіге арналған жол жоқ, жолдың жиегі қазылып тасталған. Одан бөлек, көше жарықтандырылмаған. Бұл оқиғаға қалалық әкімдік те, сол тұрғын үйді салған құрылыс компаниясы да жауап беруі тиіс деп санаймыз. Себебі Жұбанов көшесінің сол аумақтағы бөлігінде автобус аялдамасы да жоқ. Лолита сән салонынан шығып, бір орам (квартал) жердегі аялдамаға бет алған. Жолда осындай қайғылы жағдайға тап болды», – деп мәлімдеді қаза болған қыздың жездесі Аббас Аппазов. Оқиға 26 қазан күні кешкі сағат 21:40 шамасында болған. Қыздың денесі кеше жер қойнына табысталды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қараша 2024