Қостанайда полицейді айуандықпен өлтірген адам өмір бойына сотталды
Қостанайда полиция қызметкерін айуандықпен өлтірген сотталушыға үкім шықты. Аса ауыр қылмысқа барған Ұзынкөл ауданының 35 жастағы тұрғыны енді өмір бойы түрмеде отырады. Сотталушы Виктор Сербокрыл осы жылдың мамыр айында телефон ұрлағаны үшін түрмеге қамалып, кейіннен шартты түрде босатылған.Түрмеде жатқанда өзін қамағандардан кек алуды ойластырған. Тізіміне полиция қызметкерінің, тергеуші мен куәгердің аты-жөнін жазған. Сосын: «сені өлтіремін», «бауыздаймын» деп жазған. Сот мәліметінше, ер адам қамаудан шыққан соң тіке тергеушінің үйіне тартқан. Алайда ол үйінде болмаған. Сосын сотталушы полицей Құмар Шойтасовтың үйіне келген. Ол терезеден ішке кіріп, шкафтың артына жасырынған. Полицей үйіне келгенде, оған шабуыл жасап, беліне пышақ сұққан. Одан кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында оның денесін үйдің ауласына жасырып, полицей мен оның үйіндегілерге тиесілі заттар мен азық-түліктерді ұрлап, қашып кеткен. Кейіннен қылмыскер өзіне қарсы куәлік берген әйелді қорқытқан. Дегенмен әйел полиция шақырған. Десе де сотталушы кінәсін ішінара ғана мойындаған. Сот оны кәнілі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Енді ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейді. «Сотталушының бұл қылмысқа алдын ала оқталғанын іс қағаздарына жазылған белгілерден байқауға болады. Ол тергеуші мен зардап шегушінің аты-жөнінің жанына «бауыздаймын» деп жазған. Ол бұл белгіні түзеу мекемесінде жатып жазғанын мойындады. Бұл қылмыстың аса ауырлығын ескере отырып, соттан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрадық», – деді Қостанай облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Мәриям Сүлейменова.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қараша 2024