Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Экс-министр Бишімбаев адам өлтіргенін мойындамады, інісі қылмыстың жасалған- жасалмағанын білмейтінін жеткізді

kz.kursiv.media

Экс-министр Бишімбаев адам өлтіргенін мойындамады, інісі қылмыстың жасалған- жасалмағанын білмейтінін жеткізді

Азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот процесінде өзіне тағылған айыпты мойындамады.

«Осы уақытқа дейін іс бойынша өз пікірімді айтатын мүмкіндік болмады. Прокурор айтқанның көбі ойдан шығарылған, дәлел жоқ. Қылмыстық кодекстің 110-бабына келсек, менің тарапымнан мұндай қылмыстық әрекет ешқашан жасалған емес, айыпты толық мойындамаймын», – деді Бишімбаев сот отырысында.

Судья Айжан Құлбаева Қылмыстық кодекстің 99-бабы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша сотталушының кінәсін мойындап-мойындамайтынын нақтылады.

«Бұл бап бойынша да дәл сондай пікірдемін. Адамды аса қатыгездікпен әдейі өлтірген жоқпын», – деді сотталушы Бишімбаев.

Қылмыстық іс бойынша сотталушы Бақытжан Байжанов қылмыс жасаған-жасамағанын білмейтінін жеткізді.

«Құрметті сот, видеоны өшіруді сұрағанымды мойындаймын. Сондай-ақ Салтанаттың (Нүкенова) телефонын үйіне апаруды сұрады. Қылмыс жасадым ба, білмеймін. Сол сәтте Салтанаттың өлім аузында жатқанын немесе қайтыс болғанын білген жоқпын», – деді сотталушы Байжанов.

Публикация от Курсив (@kursiv.media.kz)

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың айтуынша, Бишімбаев аса қатыгездікпен қылмыстық әрекет жасағаннан кейін туысы Байжановқа хабарласқан.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Бишімбаев ештеңе түсіндірмесен Байжановты жұмыс орнына шақырған. Ол қылмыс болған орталықтың директоры болған. Содан кейін Байжанов жұмыс орнына келіп, 2-қабатта орналасқан Bau мейрамханасына көтерілген. Бишімбаев пен Нүкенова болған №1 VIP залға кіреді.«Алайда Бишімбаев бастапқыда залға ешкімді кіргізбей, көрпе әкелуді сұраған. Байжанов көрпені әкелген кезде Нүкенованың ес-түссіз жатқанын көреді. Ол Нүкенованың жарақат алып және тыныс алуы қиындап жатқанын көрген. Сондай-ақ Байжанов сол жердің шашылып жатқанын, бұзылған есікті, сынған ыдыс, адам қаны мен жұлынған шашты көріп, Бишімбаевтың Нүкенованы тағы да ұрып-соққанын түсінген», – дейді мемлекеттік айыптаушы Аймағанова.Тергеу мәліметіне сәйкес, Байжанов бірнеше рет Нүкенова жатқан залға кіріп, оның еш қимыл-қозғалыссыз жатқанын көрген. Бишімбаев ұрып-соққаннан кейін қайтыс болғанын түсінген. Алайда құқық қорғау органдарына хабарламаған.Содан кейін Қуандық Бишімбаев қызметкерлерді қайтарып, 2023 жылдың 8 қарашасынан бері мейрамханада түсірілген видеоның бәрін өшіруді тапсырған. Байжанов осы тұста Нүкеноваға алғашқы медициналық көмек көрсетпей, қылмысты жасыру туралы ойлаған.Артынша Байжановтың тапсырмасы бойынша орталықтағы барлық видео өшірілген. Ол Салтанат Нүкенованың телефонын алып, «Қазақстан» орталық концерт залына және фитнес орталыққа барған. Көмекшісіне телефонды көрсетілген мекенжайға апаруды тапсырған.9 қарашада Байжанов ауыр қылмысты жасырудың мәні жоқ екенін түсініп, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем Салтанат Нүкенованың өлімін тіркеді.

Публикация от Курсив (@kursiv.media.kz)

Астана соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 наурызда Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша алқабилерді іріктеу жабық режимде өтетінін жазған едік. Отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі, 2 қосалқы) алқабилер алқасы қалыптастырылады. Іріктеу алқабилердің жеке басын жария етпеу үшін жабық сот отырысында өтеді.

11 наурызда өткен алғашқы сот отырысында Бишімбаев «айыпты мойындамаймын» деп айтқан болатын. Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі басталған. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталды.

Айта кетейік, күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.

Осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімін «жазатайым оқиға» деп санайтынын жазған едік. Бұл туралы оның адвокаты Назкен Құсайынова Elmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.

Адвокат Салтанат Нүкенованың созылмалы субдуральды гематомамен бір ай бойы зардап шеккенін айтады. Ол туралы Бишімбаевтың өзі де, Нүкенованың өзі де білмеген болуы мүмкін екенін атап өтті.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
27 сәуір 2024