65 жастан асқан көлік жүргізушілері медициналық тексерістен қалай өтуі керек
Ішкі істер министрлігі 65 жастан асқан жүргізушілер міндетті медициналық тексерістен қалай өтуі керегін түсіндірді. Ресми өкіл Шыңғыс Әлекешев 25 тамыздан қандай жаңа талап енгізілетінін айтып өтті. Егер зейнеткерлер тексерістен уақтылы өтпесе, жүргізуші куәлігі уақытша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
ІІМ өкілінің айтуынша, бұл талап елімізде кеше немесе бүгін пайда болған жоқ. 65 жастан асқан жүргізушілерге арналған міндетті медициналық тексеру Қазақстанда 2014 жылдан бері, яғни он жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді.
«Соңғы күндері 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексерістен өту мәселесіне қатысты сұрақтар жиілеп кетті. Кейбір жүргізушілердің алаңдаушылық білдіріп жатқанын да байқап отырмыз. Алайда дүрлігуге ешқандай негіз жоқ. Ең жиі қойылатын сұрақ: «бұл жаңа норма ма?» дегенге саяды. Жоқ, бұл жаңа норма емес. 65 жастан асқан жүргізушілер үшін міндетті медтексеріс 2014 жылдан бері қолданып келеді», – деді Шыңғыс Әлекешев.
Ведомство өкілі 25 тамыздан бастап тек бір ғана өзгеріс күшіне енетінін жеткізді. Егер жүргізуші міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтпесе, оның жүргізуші куәлігінің қолданысы сот шешімінсіз-ақ автоматты түрде уақытша тоқтатылуы мүмкін. Яғни, жаңадан енгізіліп отырғаны – тек осы уақытша тоқтату тәртібі, ал медициналық тексерісті өзі – бұрыннан келе жатқан талап.
65 жасқа толған азаматтар алғашқы міндетті медициналық тексеруден 67 жасқа дейін өтсе жеткілікті. Медициналық анықтама 2 жыл мерзімге беріледі. Келесі медтексеріс 69 жаста, одан кейін 71 жаста және әрі қарай әр екі жыл сайын қайталанып отырады.
Осыған байланысты ІІМ өкілі 65 жасқа жаңа толған жүргізушілерді негізсіз ажиотаж тудырмай, 67 жасқа жақындағанда жайбарақат тексерістер өтуге шақырды.
Медициналық мекемені жүргізушінің өзі таңдайды. Бұл мемлекеттік емхана немесе жеке клиника болуы мүмкін. Тіпті тұрғылықты жері бойынша немесе басқа қалада өтуге де шектеу қойылмайды. Ең басты шарт – таңдалған медициналық ұйымның мұндай тексеруді жүргізуге тиісті лицензиясы мен құқығы болуы керек.
Медициналық тексеруден уақытылы өтпеу жүргізуші куәлігінен айрылады деген сөз емес. Бұл жерде тек құжаттың күші уақытша тоқтайды. Жүргізуші тексеруден өтіп, тиісті құжатты алған бойда куәліктің қолданысы автоматты түрде қайта қалпына келеді.
Өзгерістер күшіне енген алғашқы уақытта патрульдік полиция қызметкерлері негізінен түсіндіру жұмыстарына басымдық береді. Егер жүргізуші бұл талаптан бейхабар болса немесе өтпей қалғанын ұмытып кетсе, оған алдымен медициналық тексеруден өтіп алуға мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар, Шыңғыс Әлекешев медтексерістің жоқтығы үшін айыппұл салынады деген қауесеттерді де теріске шығарды:
«Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Заңнамада медициналық тексеруден өтпегені үшін арнайы айыппұл қарастырылмаған», – деп атап өтті ІІМ ресми өкілі.
Егер тексерістен өткені туралы дерек электронды базаға бірден түспей қалса, жүргізуші полиция қызметкеріне қолындағы қағаз түріндегі медициналық анықтаманы көрсетсе жеткілікті. Тәртіп сақшысы бұл деректі базаға енгізуге жауапты мамандарға өзі хабарлайды.
25 тамыздан бастап мас болып көлік айдағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Құқық бұзушы 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал жүргізуші куәлігі жоқ екеніне қарамастан, мас болып көлік айдағандар мұндай құжатты 8 жыл бойы ала алмайды.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Шілде, 31
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
1 тамыз 2026