Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Сөздерің негізсіз әрі Қазақстандағы орыстарға зиян – депутат Жулин Кеосаян, Красновтарға «сәлем» жолдады

kznews.kz

Сөздерің негізсіз әрі Қазақстандағы орыстарға зиян – депутат Жулин Кеосаян, Красновтарға «сәлем» жолдады

Ресей тарапынан Қазақстанға қарсы әртүрлі сипатта сыни сөздер мен мәлімдемелер кейінгі кезде жиі айтыла бастады. Бір ғана журналист Тигран Кеосаянның өзі екі елдің қарым-қатынасына едәуір салқынын тигізерлік сөзді бір емес, бірнеше рет айтып үлгерді. Оның алдында Мәскеудегі Сергей Савостьянов есімді жас депутат «Қазақстанды Украинаның үлгісімен денацификациялауды» ұсынған. Ізінше таяуда Ресейдің бас прокуроры Игорь Краснов та «Қазақстандағы русофобия» жайлы сөз қозғады. Жалпы Ресей тарапынан осындай ақпараттық шабуыл, жекелеген мәлімдемелер Қазақстандағы орыстарға зиян дейді мәжіліс депутаты Юрий Жулин. Осы мәселе жөнінде депутатты сөзге тартып көргенбіз. Оның Ресейдегі айтқыштарға қарсы өз айтары бар екен. – Шынымды айтсам, журналистердің нақты не жазғанын оқымадым. Бірақ БАҚ-тарда осындай резонанс болғанын білемін. Менің ойымша, Санкт-Петербургте өткен экономикалық форум барысында біздің президент қойылған сұрақтарға өте нақты жауап берген. Қайталаудың өзі артық шығар. Оны бәрі естіді. Сонымен қатар, Ресей президентінің айтқаны бар. Ол (Владимир Путин – авт.) «Қазақстанмен қарым-қатынасты бұзу ешкімнің басына келген емес» деді. Оның айтқанын сөзбе-сөз келтірмесем де, Ресейдің біздің елмен ынтымақтастыққа мүдделі екенін білемін. Меніңше, Қазақстанға қарсы негативті бірдеңе айтқысы келіп тұратын адамдарға – өз президентінің сөзін тыңдасаңыздар деп кеңес айтар едім. Ресей президентін. Ол тура мағынада ойын білдірген. Ресей саясаты туралы меніңше, сол тұста айтылған. – Яғни Ресей тарапынан мұндай теріс мәндегі мәлімдемелерге немесе сөздерге мән бермей-ақ қойған дұрыс деп есептейсіз бе? – Жоқ, әлбетте, назар аудару керек. Егер провакациялық бағытта айтса, әрине. – Ондай сөздерді Ресейдегі қарапайым біреу емес, бас прокурор деңгейіндегі адамдар айтып жатыр ғой… – Ол нақты не деді? – Сөзбе-сөз келтірмеспін, бірақ Краснов шамамен ««бұл туралы айтқым да келмейді, бірақ украиналық үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен Қазақстанда русофобиялық бағытта жұмыс қызу жүріп жатқаны туралы ақпарат маған жиі келеді» деді. Бұл әңгімесі негізді ме, әлде жоқ па? Қалай ойлайсыз? – Қазақстан азаматы ретінде осында тудым, өмір сүріп, жұмыс істеп келемін. Мен мұндай сөзбен мүлде келісе алмаймын. Алайда егер Ресейдің нақты бір дәлелдейтіндей фактісі болса, сұрайық: ол нақты кім не үшін ол жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетсін. Әзірге оның айтқаны… – Ал егер біз оған факт келтір десек, екінші жағынан ол тараптың біздің елдің ішкі ісіне араласуына рұқсат бергеніміз болып кетеді ғой? – Қазір ол тараптан сондай сөз айтылды. Менің білуімше, ол Минскте біздің бас прокурормен кездескен. Яғни өзара ынтымақтастық шеңберінде, өзара серіктестік қарым-қатынас аясында жолыққан. Мен бұл жерде ешқандай ішкі іске араласуды көріп тұрған жоқпын. Сіз Ресей тарапынан біздің ішкі іске араласу мәселесі туралы айтып отырсыз ба? – Иә. – Сол себепті айтып отырмын. Егер басқа мемлекет біздің мемлекетке қатысты сондай мәлімдеме жасаса, біз оның сөзінің негізін және дәлелін талап етуге қақымыз бар. Бұл қалыпты практика. Екі бас прокурордың кездесуі шеңберінде осы мәселе талқыланып, әңгімелесетін болар. – Ресей жақтан сондай ақпарат жарияланғаннан кейін біздегі кейбір адамдар оны қолдай бөлісіп, тіпті «Қазақстанның нацистері дайын болсын» деп пост жазғандар болды. Ең сорақысы, осы постты Қазақстанда бірнеше лауазымды қызметті атқарған Владимир Божко бөлісті. Божконың бұл қылығын біздің елде түсінбей қалғандар көп. Жалпы Владимир Божконың осы әрекеті дұрыс деп есептейсіз бе? – Сұрағыңызды түсіндім. Мен қазір Владимир Божконың қандай да бір әрекеті туралы пікір білдіргім келмейді. Егер ол солай жасаса, өз ісіне жауап беретін ересек адам. Білуімше, ол жөнінде кейін пікір де білдірген. Мен былай дегім келеді: Ресей тарапынан мұндай сөздерді, қоғам өкілдері тарапынан айтылған әңгімелерді қамыға ауыр қабылдаймын. Өйткені мұндай сөздер, Қазақстандағы ұлтаралық, этникаралық қарым-қатынасқа зиянын тигізеді деп есептеймін. Бұл сөздер осы Қазақстанда тұратын, Қазақстан азаматы есептелетін орыстарға зиян келтіреді. Ол жөнінде бірнеше рет пікір білдіргенмін. Сол себепті олар айтып жатқан әңгіменің ешқандай негізі жоқ деп есептеймін. Мен Қазақстанның азаматымын. Осында туып-өстім. Бұл елде тұрмайтын, мұндағы жағдайдан хабары жоқ, соған қарамастан осындай сөздерді айтатын басқалардан қарағанда дәл осылай деуге толық қақым бар. Сондықтан, егер мені естісе оларға былай дер едім: мұндай сөздерді айтып, білмесе жазбаса екен! Өйткені олардың айтқаны, жазғаны осында тұратын орыстарға зиян! Олар Қазақстанның орыс азаматтары осы елде туып-өскеннен бастап күні бүгінге дейін қалыптастырған қарым-қатынастарға кері әсерін тигізеді. Ресейлік журналистер жасаған мәлімдемелерге қарамастан, Ресей азаматтары осында келіп жатыр. Жыл басынан бері қателеспесем, статистика бойынша Ресейден бізге 200 мыңға жуық адам келген. Бұл – былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда көп. Бізге Ресейдің бизнесі көшіп жатыр. Мұны не үшін айтып отырмын? – Демек, оларға мұнда жайлы? – Дәл солай. Яғни көшіп жатқан ресейліктердің өзі, яғни қарапайым азаматтар өз елінің журналистеріне сенбейді деген сөз. Осыны көріп, біліп, түсіне отырып, бәлкім, мұндай сөздерді енді айтпау керек шығар. Көшіп келіп жатқандар яғни сол сөздердің қып-қызыл өтірік екенін біледі деген сөз. Ресейдің өз азаматтары сол елдегі журналистер жазғандай қандай да бір негативпен бетпе-бет келуден еш қорықпай осы елге қоныстанып жатыр. Яғни бір тоқтамға келіп, тынышталу керек. Ең болмағанда, өз елінің президентін тыңдаса ғой. Ресей азаматтары, қоғам белсенділері Петербург форумында айтқан сөзін тыңдаса дейсің. Яғни екі елдің мемлекет басшылары деңгейінде ынтымақтастық, достық бағытында нақты ортақ мүддесі бар. Осы қарым-қатынасты қалыптастыра беру керек. Қалғанының бәрі тек зиянын келтіреді. Ол туралы біздің президент де нақты айтты. Кім кімнің диірменіне су тасып жүргенін, кімнің кім екенін ескерткен. Екіжақты қатынасты бұзу кімге пайдалы екенін іздесін одан да. Ресейдің бас прокуроры да бұған қатырса жөн. – Пікір білдіргеніңіз үшін рахмет! Сұхбаттасқан Аян Өрібай
  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
17 сәуір 2024