Көкпардан ел чемпионаты басталды: үздіктер көшпенділер ойындарына барады
Талдықорған қаласында көкпардан ересектер арасында Қазақстан Республикасының 25-ші чемпионаты өз жалауын желбіретті. «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен өтіп жатқан бұл доданың отандық спорт тарихында алар орны ерекше. 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан чемпионат биыл бірнеше маңызды жаңалықтарымен және рекордтық көрсеткіштерімен ерекшеленді.
Биылғы біріншіліктің басты рекорды – қатысушы командалардың саны. Бұған дейін командалар саны 16-дан аспаса, биыл Талдықорған төріне 19 команда жиналды. Тек Маңғыстау және Абай облыстары ғана түрлі себептермен жарысқа қатыса алмады. Бұл көкпардың еліміздегі танымалдылығының жыл сайын артып келе жатқанын дәлелдейді.
Қазақстанның Көкпар федерациясының БАҚ-пен байланыс маманы Сәкен Сейітханның айтуынша, чемпионат тарихында Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы 15 рет жеңімпаз атанып, көш бастап тұр. Одан кейін 7 мәрте жеңіске жеткен Түркістан облысының (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) «Құлагер» командасы келеді. Сондай-ақ, Астана қаласы мен Алматы облысының еншісінде бір-бір жеңістен бар.
Оңтүстік өңірлердің басымдығын мамандар климаттық жағдаймен байланыстырады. Ауа райы жылы, жайылымы жайлы өңірлерде ат баптау мен көкпар шабу өнері ежелден мықты дамыған.
Бұл чемпионаттың ең басты техникалық жаңалығы аттар санының көбеюі. Бұрын командада 12 шабандоз және 12 ат болса, енді әр командаға 16 ат қосуға рұқсат берілді. Бұл жануарлардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалған қадам. Егер ат жарақат алса немесе шаршаса, қосымша аттар команданың әлеуетін сақтауға көмектеседі.
Сонымен қатар, қазіргі көкпарда аттарға арнайы чип салу үрдісі енгізілген. Бұл ойын барысында аттарды ауыстырып жібермеуді қадағалайтын және әділдікті қамтамасыз ететін маңызды құрал.
Биылғы чемпионаттың жауапкершілігі өте жоғары. Себебі, Талдықорғандағы дода 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Ыстықкөлде өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ұлттық құраманы іріктеу кезеңі де болады. Бас бапкер Нұрдәулет Момынов шабандоздар мен аттарды жіті бақылап, үздіктерін таңдап алмақ.
Бапкердің айтуынша, көкпарда аттың тұқымынан (ағылшын, қостанай, қарабайыр тұлпарлары болсын) бұрын оның ақылдылығы мен тәрбиесі маңызды рөл атқарады.
Көкпар өнерінің болашағы жарқын екенін жыл сайын өтетін жасөспірімдер чемпионаты да растап отыр. Әсіресе оңтүстік өңірлерде бәсекелестік соншалықты жоғары, командаға кіре алмай қалатын жас өрендердің саны өте көп. Бұл ұлттық спорттың насихаты күшейіп, жастар арасында нағыз ерлік ойынына айналғанын көрсетеді.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Мамыр, 04
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
5 мамыр 2026