2028 жылдан бастап ұл балаларға папиллома вирусына қарсы вакцина салынады
Қазақстанда 2028 жылдан бастап ұл балаларды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы егу жоспарланып отыр. Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дәрігерлердің айтуынша, иммундау АПВ-мен байланысты бірқатар аурудан, соның ішінде жыныс мүшелері қатерлі ісігінен қорғай алады. Сондай-ақ ұлдарды вакцинациялау вирустың таралуын азайтып, әйелдерді де жанама түрде қорғайды.
Комитет 2024 жылдан бастап республикада 11 жастағы қыз балаларға жоспарлы түрде екпе егіліп жатқанын еске салды. Ал 12 және 13 жастағы қазақстандық қыздар үшін уақытында егілмей қалған екпелерін қайта қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.
2026 жылы жас шегі кеңейтілді. Енді АПВ-ға қарсы екпе 14 жастан бастап 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балаларға да ерікті түрде салынады.
«Иммундау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде егілушінің немесе ата-анасының хабардар етілген келісімі алынғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде жүргізіледі.
Ата-аналардың қалауы бойынша екпені тіркелген жердегі емханалардан да алуға болады. ТМККК аясында 18 жастан асқан азаматтар үшін тегін вакцинациялау бағдарламасын кеңейту көзделмеген», – деп мәлімдеді комитеттен.
Адам папилломасы вирусы – жатыр мойны обыры, жыныс мүшелері қатерлі ісігінің дамуына себеп болатын вирус. Оның 200-ден аса түрі бар.
Айта кетейік, елімізде АҚШ-тың «Merck Sharp & Dohme» компаниясы шығаратын төрт валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Мамыр, 29
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
1 маусым 2026