Малайзия 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салды
Малайзия цифрлық ортада жас пайдаланушыларды қорғау шараларын күшейтті. 1 маусымнан бастап елде 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде жеке парақша ашуға тыйым салатын жаңа ережелер күшіне енді.
Жаңа талаптар Facebook, Instagram, TikTok және YouTube сияқты ірі әлеуметтік платформаларға қолданылады. Ережелер бойынша пайдаланушылардың жасын міндетті түрде тексеру және 16 жасқа толмағандарды тіркеуге тыйым салу қарастырылған.
Қазіргі қолданушылардың жасын тексеру үдерісі алдағы алты ай ішінде кезең-кезеңімен енгізіледі.
16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі парақшалары жабылатындықтан, оларға фотолары мен видеоларын телефонына жүктеп алуға 1 ай уақыт беріледі. Кейін олардың парақшалары бұғатталады немесе өшіріледі.
Заң талаптарын сақтамаған компанияларға 2,5 млн долларға (шамамен 1 млрд 200 млн теңге) дейін айыппұл салынады.
Технологиялық компаниялар Малайзияның жаңа талаптарын қалай орындайтыны туралы әзірге ақпарат жоқ.
Жергілікті үкіметтің мәлімдеуінше, шаралар балаларды зиянды контенттен, кибербуллингтен және платформалардың тәуелділік тудыратын функцияларынан қорғауға бағытталған.
Дегенмен, индустрия өкілдері 16 жасқа толмағандар үшін әлеуметтік желілерге толық тыйым салудың кері әсері болуы мүмкін екенін ескертеді.
Олардың пікірінше, мұндай шаралар жасөспірімдерді қауіпсіздігі төмен әрі бақыланбайтын өзге интернет платформаларды пайдалануға итермелеуі мүмкін.
Балама ретінде компаниялар кәмелетке толмағандарды қорғау құралдарын, соның ішінде хабарлама алмасуға, экран уақытына және жағымсыз контентке шектеу қойылған арнайы жасөспірімдер аккаунттарын ұсынып отыр.
Айта кетейік, жылдың басында министр Аида Балаева елімізде балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектейтін заң жобасы әзірленгенін айтқан еді.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Мамыр, 29
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
1 маусым 2026