Сот ер адамды баласына ғана емес, әйеліне де алимент төлеуге міндеттеді
Ақтау қаласының соты өңір тұрғынын кәмелетке толмаған баласын ғана емес, жұбайын да материалдық тұрғыда қамтамасыз етуге міндеттеді.
Lada.kz хабарлауынша, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотында жұбайын асырауға алимент өндіру туралы азаматтық іс қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, ерлі-зайыпты 2024 жылы некеге тұрған. Олардың 2025 жылы дүниеге келген ортақ баласы бар. Бұған дейін сот бұйрығымен әкесінен баланы асырауға алимент өндірілген болатын.
Талапкердің айтуынша, күйеуі өз еркімен оған материалдық көмек көрсетпеген. Осыған байланысты әйел соттан баласы үш жасқа толғанға дейін өзін асырауға алимент өндіруді сұрады.
Сот талаптың заңды әрі негізді екеніне көз жеткізіп, жауапкерді жұбайының пайдасына ай сайын 20 АЕК мөлшерінде, яғни 86 500 теңге алимент төлеуге міндеттеді. Бұл төлемдер ортақ бала үш жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Айта кеетін жайт, мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова Астанада әйелдерге ажырасу, мүлікті бөлу, алимент өндіруге қатысты кеңестер берді. Оның сөзіне қарағанда, заңды түрде ажыраспаған, бірақ бірге тұрмайтын ерлі-зайыптылар да алимент өндіре алады. Бұл жағдайда ортақ бала үш жасқа толмаған болуы керек.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
30 шілде 2026