МӘМС жүйесінде «халықтық бақылау» күшейтілуде
ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Шалхар Шеримовпен сұхбат:
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтердің ашықтығын арттыруға бағытталған жаңа цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Енді пациент тек медициналық көмек алып қана қоймай, өзіне нақты қандай қызмет көрсетілгенін растап, оның сапасына баға беріп, қажет болған жағдайда тікелей өтініш жолдай алады. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы «халықтық бақылауды» жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.
Осы жаңашылдықтар мен Шымкент қаласындағы МӘМС жүйесі шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Шалхар Шеримов айтып берді.
– Шалхар Шәкімұлы, бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласындағы басты жаңалықтардың бірі – «халықтық бақылауды» күшейту екені айтылып жүр. Бұл нені білдіреді?
– Мемлекет басшысы барлық салада ашықтық пен есептілікті арттыруға ерекше назар аударып келеді. Денсаулық сақтау жүйесі де бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Сондықтан Қор медициналық қызметтердің шынайылығын растауға және қаржының тиімді жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық құралдарды кезең-кезеңімен енгізуде.
Жуырда іске қосылған Qalqan цифрлық сервисі – соның нақты мысалы. Енді пациент медициналық ұйымға барған кезде арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы өзінің сол мекемеде болғанын және медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін растай алады. Бұл – қоғамдық бақылаудың алғашқы цифрлық тетіктерінің бірі.
Ең бастысы, бұл жүйе дәрігердің емдеу процесіне араласпайды. Оның мақсаты – көрсетілген қызметтің шынайылығын растау, жалған есептіліктің алдын алу және қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.
– Бұл бағыттағы цифрлық мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді ғой?
– Әрине. МӘМС 2.0 трансформациясы аясында eGov Mobile мобильді қосымшасында жаңа сервистер іске қосылады.
Пациенттің жеке профилінде өзі тіркелген емхана туралы ақпарат, сақтандыру мәртебесі, МӘМС жарналарының тарихы, төлемдер күнтізбесі және жеңілдік санаты туралы мәліметтер қолжетімді болады.
Сонымен қатар азаматтар өздеріне көрсетілген медициналық қызметтердің толық тарихын қарап, олардың нақты көрсетілгенін растауға мүмкіндік алады. Қосымша арқылы медициналық көмектің сапасын бағалап, Қорға тікелей өтініш немесе шағым жолдау функциясы да енгізіледі.
Бұл шешімдер азаматтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттырып қана қоймай, медициналық ұйымдардың жауапкершілігін де күшейтеді.
– Шалхар мырза, Шымкент қаласында бұл жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр?
– Бүгінде Шымкент қаласындағы МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін 174 медициналық ұйымның барлығы Qalqan платформасына толық қосылды. Оның ішінде 34-і мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік медициналық ұйымдар.
Бұл дегеніміз, қаладағы барлық медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі қамтамасыз етілген.
– Жалпы МӘМС жүйесі қала тұрғындары үшін қандай нәтижелер беріп отыр?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен бері халықтың медициналық көмекке қолжетімділігі айтарлықтай артты.
Бүгінде Шымкент қаласында МӘМС жүйесінде 1,1 миллионға жуық тұрғын қамтылған.
Жүйенің маңызды нәтижелерінің бірі – жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді болуы. Қазіргі таңда мұндай қызметті қаладағы 8 медициналық ұйым көрсетеді. Жыл басынан бері 300-ге жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Қаржыландырудың негізгі бөлігі кардиохирургия, нейрохирургия және трансплантология сияқты күрделі операцияларға бағытталуда.
Соның арқасында ми қан тамырларының ауыр аурулары, күрделі жүрек патологиялары және басқа да дерттер бойынша заманауи емдеу әдістері тұрғындарға бұрынғыдан әлдеқайда қолжетімді болды.
– Тұрғындар ең көп пайдаланатын қызметтердің бірі – медициналық оңалту. Бұл бағыттағы жағдай қандай?
– Иә, сұраныс өте жоғары.
Қазір Шымкент қаласында медициналық оңалту қызметін 30-ға жуық медициналық ұйым көрсетеді. Биыл 10 мыңға жуық оңалту қызметі ұсынылды.
Бұл қызметтер инсульт алған, ауыр жарақаттан кейін қалпына келіп жатқан, кардиохирургиялық оталардан өткен немесе созылмалы аурулары бар пациенттер үшін аса маңызды.
Балаларға арналған оңалту көмегі де кеңейіп келеді. Церебралды сал ауруы, тірек-қимыл аппаратының туа біткен патологиялары және басқа да аурулары бар балалар қажетті емін уақытылы алып жатыр.
– Диагностикалық қызметтерге сұраныс қандай деңгейде?
– Бүгінде консультациялық-диагностикалық қызметтер халық арасында ең көп сұранысқа ие бағыттардың бірі.
Компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография, зертханалық зерттеулер мен бейінді мамандардың консультациялары кеңінен пайдаланылуда.
Жыл басынан бері Шымкент қаласында МӘМС аясында 5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Қазіргі уақытта мұндай көмекті 100-ден астам медициналық ұйым ұсынады.
Бұл қызметтер ауруларды ерте анықтауға және асқынудың алдын алуға үлкен мүмкіндік береді.
– Медициналық қызметтердің сапасына қатысты шағымдар азайып жатыр ма?
– Иә, оң динамика байқалады.
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында медициналық қызмет көрсетуге қатысты шағымдар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткіш медициналық ұйымдардағы ішкі бақылау жүйесінің күшейгенін, пациенттерді қолдау қызметтерінің тиімділігі артқанын және тұрғындармен кері байланыстың жақсарғанын көрсетеді.
Сонымен қатар Қор медициналық ұйымдарға тұрақты мониторинг жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсынымдар береді. Бұл медициналық көмектің сапасын жақсартуға және қаржылық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
– Қорытындылай келе, жаңа цифрлық шешімдердің басты артықшылығы неде?
– Басты мақсат – пациентті денсаулық сақтау жүйесінің белсенді қатысушысына айналдыру. Бұрын азамат көрсетілген қызмет туралы тек ақпарат алса, енді оның нақты көрсетілгенін өзі растай алады, сапасына баға береді және қажет болса бірден Қорға хабарлама жібереді.
Яғни, денсаулық сақтау саласында қоғамдық бақылау күшейіп, әрбір медициналық қызметтің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде қаржының тиімді жұмсалуына, медициналық ұйымдардың жауапкершілігінің артуына және ең бастысы – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруына қызмет етеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
30 шілде 2026