Атеросклероз белгілері ауру асқынғанда ғана білінеді – кардиолог

inform.kz

Атеросклероз белгілері ауру асқынғанда ғана білінеді – кардиолог

- Ерлан Жасұланұлы, атеросклероз ауруы дегеніміз не? Ол ағзаның қандай мүшелерін зақымдайды? - Атеросклероз – бір сөзбен айтқанда қан тамырларының зақымдануы. Артериялардың қабырғаларына майға ұқсас заттар – холестерин жиналады, осылайша холестериннен тұратын атеросклеротикалық бляшкалар пайда болады. Бұдан артериялардың саңылаулары тарыла бастайды да, ол арқылы қан аз жүріп, оттегі мен қоректік заттарды жеткіліксіз тасымалдайды. Егер осы артериялар жүрек, миға баратын болса, атеросклероз жүректің ишемиялық ауруын, миокард инфаргін, гипертонияны тудырады, инсультке, яғни ми тінінің семуіне әкеледі. - Яғни, бұл қауіпті ауру, оған жүрдім-бардым қарауға болмайды ғой. Дерттің негізгі белгілері қандай? - Жүрек тамырлары атеросклерозының өзіне тән белгісі – ауру ұстамалы болады немесе оны жүрек талмасы деп атайды. Стенокардия кезінде жүрек оттегіні көбірек қажет етеді. Мұндай жағдайда адам жүріп келе жатса, тұра қалғаны жөн немесе жұмыс үстінде болса, оны қоя қоюы керек. Әдетте бұған 2-3 минут жеткілікті, жүректің ауырғаны басылады. Жүруді немесе жұмысты тоқтата тұру ағзаға қажетті оттегіні үнемдеп, оны жүрекке қалдыруға мүмкіндік береді. Егер ауру бұған да қоймаса немесе жүрек демікпесі жай отырғанның өзінде ұстаса, тілдің астына дереу валидолды немесе нитроглицеринді пайдаланған жөн. Ал ми артерияларының атеросклерозы кезінде неврологиялық белгілер пайда болады, атап айтқанда аяқтың бұлшықеттері, бұлшықет әлсіздігі, сөйлеу қиындығы, бет әлпетінің летаргиясы. Бұл жедел емдеуді қажет ететін белгілер. Қол-аяқ артерияларының атеросклерозында жүру кезінде аяқ ауыруы мүмкін. Бүйрек артерияларының атеросклерозы кезінде бүйрек жеткіліксіздігі және жоғары қан қысымы пайда болады. Жыныс мүшелеріне атеросклерозында жыныстық өмірде проблемалар бар. Атеросклероз кейде ерлерде эректильді дисфункцияның себебі болып табылады. Әйелдерде атеросклероз жыныс мүшелеріне қан ағынын бұзады, жыныстық ләззат азаяды. Жалпы, атеросклероз ағзада кенеттен пайда болмайды. Бұл аурудың ерекшелігі - ол көптеген жылдар бойы ешқандай белгілерді тудырмай дамиды. Әдетте 10-15 жастан бастап пайда болады. Уақыт өте келе процесс ақырындауы немесе жылдам жүруі мүмкін. Атеросклероздың дамуына әкелетін бірнеше себеп бар. - Ол қандай себептер? - Атеросклероздың пайда болуына организмде метаболизмнің бұзылуы, липидтердің теңгерімсіздігі және қандағы артық холестерин себеп. Тамыр қабырғасының механикалық зақымдануы да атеросклеротикалық шөгінділердің пайда болуына әкеледі. Атеросклероздың даму қаупі 45 жастан асқан ер адамдарда әйелдерге қарағанда 4-5 есе, 55 жастан асқан немесе ерте менопаузасы бар әйелдерде жоғары, сондай-ақ тұқым қуалаушылықпен берілуі мүмкін. Бұдан басқа майлы тағамдарды көп тұтыну, артық дене салмағы, темекі шегу, алкогольдік ішімдіктерді мөлшерден тыс пайдалану, аз қимылдау да осы ауруға әкеледі. Артериялық гипертензиясы, эндокриндік патологиялары, атап айтқанда қант диабеті бар сырқаттарда да атеросклероз дамиды. - Ауырған жағдайда дәрігерге көріну қажет екендігі белгілі, ал аурудың алдын алуға бола ма? Қандай тағамдардан бас тартқан жөн? - Аурудың еш белгісіз болуына байланысты, атеросклероздың профилактикасын дертті асқындырмай тұрып ертерек бастаған дұрыс. Ол үшін дене салмағын қалыпты ұстап, дене шынықтыруды, физикалық жаттығулар жасауды әдетке айналдырған жөн. Статистикаға сүйенсек, науқастардың 95 % дене массасының индексін қалыпты ұстамағаннан ауруға шалдығады екен. Саламатты өмір салты көптеген аурудың алдын алады. Темекіден, спирттік ішімдік ішуден бас тарту қажет. Арақ-шарап атеросклерозға ұшыраған тамырларды қабыстырып тастайды. Спирттік ішімдіктердің қан ұюын күшейтетін, оның миокард инфарктіне соқтыратын жаман жағы бар. Холестеринді азайту үшін майлы, тұзды, қақталған, сүрленген, қуырылған тағамдардан бас тарту керек. Тыйым салынған тамаққа: қант, кондитерлік өнімдер, майонез, түрлі дүкенде сатылатын соустар, бидай ұнынан пісірілген нан-тоқаштар, газдалған және дүкеннің шырыны, какао, консервіленген ет пен балық, қант мөлшері көп кептірілген жемістер жатады. Бар ауру астан. Сондықтан жеген асымызға абай болған дұрыс. Күніне бес рет тамақтануға кеңес беремін. Мәзірге майлы емес ет пен балық, майсыз сүзбе, картоптан басқа көкөністер, жемістер және сүт өнімдері кіруі тиіс. Әңгімеміздің соңында халық даналығы – «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керектігін» еске салғым келеді. - Рахмет!

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
28 қараша 2022