Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

"Қазақша тру-крайм": Варламов Қазақстандағы зорлық-зомбылық туралы фильм түсірді

kz.kursiv.media

Қазақша тру-крайм: Варламов Қазақстандағы зорлық-зомбылық туралы фильм түсірді

Ресейлік блогер Иван Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы деректі фильм түсірді. Бір сағаттан асатын еңбек «Қазақстан: тұрмыстық зорлық орталығы» деп аталады. Авторлар күйеуінен ұзақ жыл зорлық көрген Анар Боранбаевадан сұхбат алады. Құқық қорғаушы Жанар Оразбақова, Джохар Өтебеков, «Не Молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі де елдегі тұрмыстық зорлыққа деген көзқарас, тұрмыстық зорлық туралы заң жобасы жайлы пікір білдіреді.

Фильмде күйеуінің қолынан қайтыс болған Павлодар тұрғыны Антонина Сурова мен қызын зорлаған күйеуін соттап жіберген Анар Боранбаеваның оқиғасы айтылады. Екі кейсте қоғамда қызу талқыланған еді. Антонинаны күйеуі Алексей Сулимов қызының көзінше бірнеше жерінен пышақтаған. Бұл уақытта екі ұлы көрші бөлмеде ұйықтап жатқан. Сулимов сот шешімімен 12 жылға сотталды.

Ал Боранбаева 4 жастағы қызын зорлағаны үшін педофил-күйеуін 20 жылға соттатты. Бірақ күйеуінің туыстары, таныстарынан қысымға ұшырап, қайта-қайта көшіп, бірнеше рет мекенжайын ауыстыруға мәжбүр болды. Варламов фильмінде Боранбаева өз өмірі туралы көлемді сұхбат беріп, оқиғаның қалай болғанын айтады.

Ол екі ұл босанып, бірінші күйеуінен ажырасқаннан кейін Бақытжан Ексенғалиевпен танысқан. Алғашында отбасылық өмір жайлы басталған. Бірақ Анар үшінші баласын босанғаннан кейін күйеуі ішіп келіп, ұрып-соғуды бастаған. Әйеліне де, оның балаларына да зәбір көрсетеді. 2021 жылы Анар егіз ұлын босанып, қырқынан шығарып, туыстарын шақырып үйіне қонақ етеді. Көпшілік дастарханда отырғанда, әкесі байқатпай 4 жасар қызын басқа бөлмеге алып кетіп, зорлық көрсеткен. Анар полицияға шағым түсіріп, істі соңына дейін жеткізіп, күйеуін соттатады. Туыстары ақша ұсынып, тоқтатайық дегеніне де көнбейді. Бірақ әділдік үшін күрескені үшін соңында қоғамнан қысым көреді. Өкінішке орай, бұл – тек Анардың ғана тағдыры емес.

«Қазір қалада әйелдер өз қалауын айтуға тырысады, айтады да. Ал ауылда әйелдерге әлі де қысым көп. Құрбанның өзін кінәлайды. Сол кінә мен ұяттан қорқып, әйелдер үнсіз жүреді. Бізде бір кейс болды. Бір әйелді күйеуі тұншықтырып, ұрып-соғып, далаға лақтырып жіберген. Бір сағат аязда жатты. Туыстары оны тауып, жуып-шайындырып, ауруханаға апарды. Іс сонымен бітті, парамен бәрінің аузын жапты. Біз ешнәрсе істей алмадық», – дейді «Не Молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі.

Көп жағдайда жәбірленушіге туыстары, шешесі «шыда, балаларды ойла, мұндайды бәрі көрген» деген секілді сөздер айтады. Себебі олар өздері де бала кезінен зорлықты көріп өскен, сол зорлық жүйесінің құрбаны болған дейді клиникалық психолог Светлана Меллер. Ол әйелдердің зорлық-зомбылықққа шыдап жүруіне қоғам қысымы да себеп екенін де айтады.

«Мейлі ұрған шығар, бірақ ақша тауып жатыр ғой. Бар керегіңді алып беріп жатыр, ұрса ешнәрсе емес дейді. Жиырма жыл бұрын әкең де ұрған, шыдадық, қазір бақытты отбасымыз деген ақыл айтады. Мұндай кезде әйелдің алдында бақытты өмір мен қорлық өмір деген таңдау тұрмайды. Әйел қорлыққа көніп, үнсіз жүрейін бе әлде қорлыққа көнбеймін, бірақ ел-жұрттың сөзіне қалайын ба деген екі нұсқаның бірін таңдауына тура келеді», – дейді ол.

Фильмде елде резонанс болған, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мәселені жаңа деңгейге көтерген Салтанат Нүкенованың ісі туралы да айтылады. Бишімбаевтың сотын. тікелей эфирде мыңдаған адам қарады, ол іс тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заңның қабылдануы тікелей әсер етті. Кейін оны Салтанат заңы деп атап кеткен.

«ІІМ дерегінше, 2025 жылы отбасындағы қылмыс бойынша 3600 іс қаралған. 34 мың адам жауапқа тартылды. Салтанат заңын мүлтіксіз жеңіс деуге келмейді. Иә, ауыр жағдайлар азайды. Бірақ тұрмыстық зорлық эпизодтары көбейе түсті, демек мәселе жоғалып кеткен жоқ. Тек бұрынғыдан да анық көріне бастады», – дейді Варламов.

Бұдан бөлек фильмде елдегі құқық қорғау органдарының қызметі, заңдағы тиімсіз жұмыс істейтін механизмдер туралы да айтады. Варламов пен оның командасы дайындаған еңбекті 500 мыңнан аса адам көрген. Қазақстандағы оқырмандар осы тақырыпты көтергені үшін алғыс айтып жатыр. Кейбірі өз басынан өткен оқиғаларын да жазған.

Айта кету керек, белгілі тележүргізуші Ксения Собчак та Қуандық Биішмбаев сотына қатысып, деректі фильм түсірген. Ол елдегі «ұят» ұғымы әйелдерді қысымға алуға итермелейтін дәстүрлі ереже деген еді.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
14 шілде 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар