«ҚазАвтоЖол» ақылы жол тарифін басқа елдермен салыстырды. Баға өсуі мүмкін бе
Ақылы жолдарда жеңіл автокөліктер үшін тариф алдын ала төлем кезінде 100 шақырымға орта есеппен 207 теңгені құрайды. Ал жүк көліктері үшін тариф 600 теңгеден басталады. Бұл – әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ осылай деп мәлімдеді.
Ұлттық компания мәліметінше, Қазақстандағы ақылы жолдармен жеңіл көліктердің жүру құны Ресей, Түркия, Қытай, Франция және Жапониядағы салыстырмалы ақылы бағыттарға қарағанда 15–40 есе төмен.
««ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жекелеген учаскелердің жай-күйіне қатысты жүргізушілер тарапынан айтылатын сын-ескертпелердің орынды екенін атап өтеді. Жолдағы шұңқырлар, ойықтар мен өзге де зақымдарды тарифтің төмендігімен ақтауға болмайды. Егер анықталған ақаулар көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігіне әсер етсе, тиісті жол бөлігі кемшіліктер толық жойылғанға дейін ақылы шақырым есебінен алынып тасталады», – делінген компания хабарламасында.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары өзге мемлекеттердегі тарифтерді зерттеп, сомаларды Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша теңгеге шағып есептеген. Жеңіл автокөлік үшін 100 шақырым жүру құны мынадай:
Салыстыруға тек қашықтық бойынша төлем жасалатын, яғни 100 шақырымға шаққандағы құнын нақты есептеуге болатын ақылы жолдар енгізілген. Жеңіл көліктер үшін ақы алынбайтын елдер және виньеткалық жүйе қолданылатын мемлекеттер есепке алынбаған.
Жүк көліктеріне қатысты тарифтер бірыңғай халықаралық көрсеткішке біріктірілмеген. Себебі шетелдерде көлік құны оның салмағымен қатар, ось санына, экологиялық санатына, жүру уақытына және автомагистраль түріне байланысты есептеледі.
Айта кетейік, Қазақстанда жеңіл автокөліктер үшін ақылы жолдың 100 шақырымына алдын ала төлем кезінде 207 теңге, ал жүк көліктері үшін 800–3,7 мың теңге аралығында төленеді. Кейінгі төлем жүйесінде жеңіл көліктерге тариф 100 шақырымға 235 теңге, ал жүк көліктеріне 600–3,7 мың теңге болады.
Қауіпсіздікке және көліктің үздіксіз қозғалысына әсер ететін ақаулар анықталған жол учаскелері барлық кемшілік толық жойылғанға дейін ақылы шақырымдар есебінен шығарылады. Қайта есептеу автоматты түрде жүргізіледі, яғни жүргізушілерге қосымша өтініш берудің қажеті жоқ.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол учаскесі қайта тексеріледі. Тек оның нормативтік талаптарға сай келетіні расталған жағдайда ғана ақылы жүйе қайта іске қосылуы мүмкін.
Бұған дейін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қазақстандықтар үшін ақылы жолдармен жүруге арналған абонемент сатып алу мүмкіндігі бар екенін хабарлаған еді. Ұлттық компания абонементтердің құны мен оны рәсімдеу тәртібін түсіндірді.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
- Шілде, 27
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
28 шілде 2026