Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде консервіленген ақбөкен еті берілуі мүмкін

kz.kursiv.media

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде консервіленген ақбөкен еті берілуі мүмкін

ТЖМ төтенше жағдайға арналған мемлекеттік қордағы азық-түлік тізіміне консервіленген ақбөкен етін қосуды жоспарлап отыр. Консервілер сиыр етімен қатар қолданылмақ. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақбөкен етін әскери қызметшілердің рационы мен азық-түлік үлесіне енгізу жағын да қарастырып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазір әскери қызметшілер мен курсанттардың қолданыстағы тамақтану нормаларында ақбөкен еті қарастырылмаған. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, ақбөкен етін Қарулы күштердің азық-түлік рационына қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті де қызметкерлерінің тамақтану нормаларын қайта қарап, ақбөкен етінен жасалған консервілерді арнайы азық-түлік үлесіне енгізуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда бұған дейін редакцияның сауалына ведомство бұл туралы ақпарат жоқ екенін айтқан.

Қазақ тағамтану және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары ақбөкен етінің қасиеті сиыр етінен кем емес екенін айтты. Олардың мәліметінше, бұл еттің тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары, құрамында ақуыз мөлшері көп.

«Ақбөкен етінен дайындалған консервілер заң талаптары сақталып, өнімнің қауіпсіздігі расталған жағдайда, соның ішінде әскери қызметшілердің тамақтану рационында да қолданылуы мүмкін», – деді институт өкілдері.

Нормативтік база әзірленуге жақын болғанымен, ақбөкен етінен жасалған консервілерді нақты сатып алу жұмыстары әлі басталмаған. ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта отандық ет өңдеу кәсіпорындарымен мұндай өнімді жеткізу туралы келісімшарт жасалмаған.

Сондықтан өнімнің сатып алу бағасы мен жеткізу көлемі де әзірге белгісіз. Бұл көрсеткіштер ведомствоаралық келісу жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткеннен кейін анықталады.

Ал Ішкі істер министрлігі әзірге қызметкерлерінің рационына ақбөкен етін қосуды жоспарлап отырған жоқ. Ведомство болашақта ақбөкен етін ас мәзіріне енгізу мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеді. Алайда бұл тек барлық ветеринариялық және санитариялық талаптар қатаң сақталған жағдайда жүзеге асуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов ақбөкен етін мемлекеттік резервке және Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің азық-түлік рационына енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан болатын.

Ол бұл бастаманы ақбөкен санының көбеюінен ауыл шаруашылығына келетін кері әсерді азайту және нарықтағы ет көлемінің шамадан тыс артуы мәселесін шешу қажеттігімен түсіндірген.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
24 шілде 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар