Автолизинг бағдарламасы күзге қарай қайта қосылуы мүмкін
Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы жаңа ережемен қайта жанданады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, бағдарлама 2026 жылдың тамыз-қыркүйек айларында іске қосылмақ.
Автолизинг тетігі 2025 жылғы 1 желтоқсанда пилоттық режимде жүзеге асқан еді. Алайда алғашқы айларда жүйе толық жұмыс істемей, құқықтық және техникалық кедергілерге тап болды. Сол себепті пилоттық жоба аясында бар-жоғы бір-екі автокөлік берілген.
Министрдің айтуынша, жобаны тоқтата тұруға мемлекеттік органдар тарапынан түскен көптеген ескертпе себеп болған. Салалық ведомстволар айыппұл төлеу, салық өндіріп алу және цифрлық жүйелердің өзара байланыспауы секілді мәселелерді көтерген.
Осыған байланысты министр Ерсайын Нағаспаев мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде бағдарлама ережесі қайта қаралғанын атап өтті.
«Салалық мемлекеттік органдардан көптеген ескертпе түсті. Мысалы, айыппұл төлеуде жауапкершілікті кім мойнына алады? Салықты өндіріп алуға қатысты сұрақтар және Жасанды интеллект министрлігі тарапынан бүкіл цифрлық жүйелер мен дерекқорлар біріктірілмегені туралы мәселе туындады. Мемлекеттік органдардан түскен осы ескертпелердің барлығын жинадық. Қазіргі уақытта бұл қосымша өзгерістердің барлығы келісіліп жатыр», – деді министр.
Бағдарламаның бұрынғы нұсқасында лизинг компанияларға қойылатын талаптар мен өнімді өткізу шарттары нақты бекітілмеген еді. Енді машина жасау мен көлікке қатысты заңнамаға түзетулер енгізу арқылы бұл олқылық жойылады.
Бұл ретте «Қазақстан автомобиль одағы» президенті Анар Мақашева автолизингтің дәстүрлі автокредиттен басты айырмашылығын түсіндірді. Лизинг клиентке икемді шарттар ұсынады: тұтынушы көлікті бастапқы жарнамен де, жарнасыз да ала алады. Сервистік қызметтер пакетін қосуға немесе келісімшарт мерзімі аяқталғанда көлікті сатып алудан бас тартуға мүмкіндігі бар.
Бұған дейін Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы неге басталмай жатып тоқтап қалғанын түсіндірген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 шілде 2026