Қазақстанда 30-дан аса жаңа мамандық пайда болады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек автокөлік саласына арналған жаңа мамандықтар пайда болатынын айтты. Оның ішінде 31 жаңа мамандық әзірленіп, тағы 22 қолданыстағы мамандық жаңғыртылады.
Министрдің айтуынша, жаңа мамандықтар мен құзыреттерге арналған 9 салалық және 20 өңірлік атлас әзірленген.
««Машина жасау», «Көлік және логистика» салалық мамандықтар атластары, сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстарының өңірлік атластары машина жасау саласын тікелей қамтиды. Автомобиль өнеркәсібіне арналған жаңартылған жаңа мамандықтар атластары жобалау мен өндірістен бастап, пайдалану, сервистік қызмет көрсету, логистика және қуаттау инфрақұрылымына дейінгі барлық кезеңді қамтуға мүмкіндік береді. 31 жаңа мамандық пайда болады, ал 22 қолданыстағы мамандық жаңартылады», – деді Саясат Нұрбек.
Бұл бағыттарға машина жасаудағы цифрлық технологиялар, өндіріс үдерістерін роботтандыру, инженерлік дизайн және технологиялар кіреді. Сондай-ақ цифрлық машина жасау, интеллектуалды өндірістік жүйелер, робототехника және кері инженерия салалары да қамтылған.
«Осы бағыттар негізінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңартып жатыр. Мұнда кәсіпорындармен бірлесіп салалық мамандықтар атластарын жаңарту жұмыстарын жалғастыру маңызды. Сонымен қатар 73 мың кәсіпорынға ауқымды сауалнама жүргізілді, оның 92-сі автомобиль өнеркәсібі саласына қатысты. Автомобиль жасау саласына алдағы үш жылда инженерлік және жұмысшы мамандарға қажеттілік 10 201 адамды құрайды», – деп толықтырды министр.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек ресурстарын дамыту орталығы елдегі сұранысқа ие және тапшы мамандықтарды анықтаған болатын.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 шілде 2026