Алматыға Тайландтан санавиациямен жеткізілген сәби ауруханадан шықты
Алматылық дәрігерлер Тайландта шала туылып, өмірі қыл үстінде болған кішкентай Асланды екі ай бойы емдеп, аман-есен үйіне шығарды.
Нәрестенің анасы Тайландта демалыста жүргенде мерзімінен бұрын босанып қалған. Экстремалды төмен салмақпен туған сәбиде ауыр сепсис пен көп ішкі органдары жеткіліксіздігі дамып, жергілікті клиникада жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Анасының әлеуметтік желідегі жанайқайынан кейін мемлекет араласып, санавиация борты 14 сағаттық ұшу сапарымен баланы елге жеткізді.
2026 жылдың 11 мамырында дүниеге келгеніне 1 ай 18 күндік нәресте өте ауыр жағдайда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына (ПБХҒО) қабылданды. Сол кезде оның салмағы небәрі 1300 грамм болған.
«Балада ауыр пневмония, мидың зақымдануы және ішек парезі анықталды. Орталықта жатқан бесінші күні сәбидің ішегі жыртылып (перфорация), өміріне аса қауіпті жағдай орнады. Хирургтар Гүлмира Каукенбаева мен Қанат Әшірбай бастаған команда шұғыл түрде күрделі операция жасап, ішектегі ақауды жойды. Бұл шешім баланың өмірін сақтап қалды», – дейді бөлім меңгерушісі Гүлбану Бердиярова.
Одан кейінгі екі ай бойы реаниматологтар, неонатологтар мен мейіргерлер командасы сәбидің өмірі үшін күндіз-түні күресті. Ауыр дерттерге қарамастан, дәрігерлер баланың өкпесін өздігінен тыныс алуға үйретті.
Емдеуші дәрігер Гүлзира Тұрысханқызының айтуынша, ауруханада өткен екі ай ішінде сәби 1200 грамм салмақ қосып, үйіне 2500 грамм салмақпен шығарылды. Қазір оның ішек қызметі қалпына келіп, тамақтануы жақсарған.
Кішкентай Аслан отбасына оралғанымен, алда әлі ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр. Дегенмен, қазақстандық дәрігерлердің кәсібилігі мен «зергерлік» жұмысының арқасында ең қиын кезең артта қалды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 шілде 2026