Тарбағатайда Қызыл кітапқа енген Түркістан сілеусіні фототұзаққа түсті (видео)
Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орнатылған фототұзақтардың біріне су ішуге келген Түркістан сілеусіні түсіп қалды.
Бұл туралы парк әкімшілігі хабарлады.
Ұлттық парк мамандарының айтуынша, Қазақстанда сілеусіннің бұл түрі өте сирек кездеседі. Сондықтан ол Қызыл кітапқа енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
«Түркістан сілеусіні – өте сақ әрі жасырын тіршілік ететін аң. Ол адамдардың көзіне сирек түседі. Сол себепті фототұзақтар арқылы алынған әрбір фото және бейнематериал ғылыми тұрғыдан аса құнды. Мұндай деректер мамандарға сирек жыртқыштың таралу аймағын, мінез-құлқын және популяциясын бақылауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді ұлттық парк өкілдері.
Мамандардың пікірінше, фототұзақтарға түскен мұндай сирек кадрлар Қазақстандағы жабайы табиғатты зерттеу және сирек кездесетін жануарларды қорғау жұмыстары үшін маңызды ақпарат көзі саналады.
Мұның алдында арқасын қарағайдың діңгегіне үйкелеген аюдың бейқам тіршілігі табиғат жанашырларын сүйсіндірген еді. Фототұзаққа түскен Тянь-Шань қоңыр аюы Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде тіршілік етеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 шілде 2026