Халық банк пен коллекторларға қатысты көбірек шағым түсіре бастаған
2026 жылдың маусым айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтар мен түрлі компаниялардан 16,4 мың өтініш түскен. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 24,2%-ға артық. Шағымның басым бөлігі бөлігі банктер (47,9%), микроқаржы ұйымдары (34,4%) мен коллекторлық агенттіктердің (9,1%) үстінен түскен.
Тұрғындар негізінен несие қарызын реттеу (45%), заңды түсіндіру (15%) және түрлі мәселелер бойынша кеңес алу (11%) үшін жүгінген.
Нәтижесінде агенттік қаржы нарығының өкілдеріне 20 ұсынымдық шара қолданды, 6 жазбаша нұсқама берді және 22 хаттама бойынша жалпы сомасы 9,6 млн теңгеге 24 әкімшілік айыппұл салды.
Соның ішінде банктерге 1 нұсқама, 7 ұсынымдық шара мен 3 айыппұл, МҚҰ-ларға 1 нұсқама, сақтандыру компанияларына 13 ұсынымдық шара мен 20 айыппұл, ал коллекторларға 4 нұсқама мен 1 айыппұл салынған.
Сонымен қатар, елде халықтың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған ипотеканы қайта қаржыландыру бағдарламасы жалғасып жатыр.
1 шілдедегі мәлімет бойынша, 2004–2020 жылдары алған 33,3 мың ипотекалық заем 214 млрд теңгеге қайта қаржыландырылды. Сондай-ақ, 2016 жылға дейін берілген 114,4 млрд теңгенің 16,2 мың валюталық ипотекасы теңгеге ауыстырылған.
Бұған дейін бірқатар банктер қаржы заңнамасы талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл арқалаған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
3 тамыз 2026