АҚШ азаматы баласын таппайынша Қазақстанда қалуға бекініп отыр
Бір жарым жылдан бері баласын іздеп жүрген АҚШ азаматы Гарро Гийом Жозеф кезекті рет Алматы келіп, енді баласы табылмайынша Қазақстаннан кетпейтінін мәлімдеді.
АҚШ азаматы мен қорғаушысы өткізген баспасөз мәслихатында қашып жүрген бұрынғы әйелі 2026 жылғы 24 шілдеде ұсталып, артынша қашып кеткенін хабарлады.
Гарро Гийом Жозеф іздеу шаралары бір жарым жылға жуық уақыт сәтсіз жүріп, іске АҚШ елшілігі араласқан соң нәтиже бергенін айтады. Алматы полициясы бұрынғы әйелі Сана Онаева мен баласын тауып, тергеу изоляторына жапқан. Алайда Онаева изоляторға жедел жәрдем шақыртып, артынша жедел жәрдем көлігінен қашып кеткен. АҚШ азаматы бұл жерде жемқорлық әрекеті болуы мүмкін деген күдігін жеткізді. Бүгінде Онаеваның қайда екенін белгісіз. Гийом Жозеф осы жолы баласы табылмайынша Қазақстаннан кетпеймін деп отыр.
Балаға қатысты дау біраздан бері жалғасып келеді. Қазақстан тумасы Сана Онаева АҚШ-та некелескен Гарро Гийом Жозефпен ажырасып, бүгінде баласымен Қазақстанда жасырынып жүр. АҚШ азаматы оны бірнеше рет іздеп келген. Адвокаты Абзал Қасымжанов АҚШ пен Қазақстандағы сот шешімдері бойынша бала әкесіне қайтарылуы керек екенін айтады. Гарро Гийом Жозеф экс-әйелінің қайда екенін айтқандарға 5 млн теңге сыйақы беруге дайын екенін мәлімдеген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
3 тамыз 2026