«Қайрат» – «Левски» ойынының билеттері сатылымға қашан шығады
УЕФА Чемпиондар Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясындағы алматылық «Қайрат» пен болгариялық «Левски» арасындағы қарымта кездесу 11 тамыз күні сағат 20:00-де «Түркістан Арена» стадионында өтеді.
Билеттер ресми түрде 5 тамыз күні сағат 15:00-де сатылымға шығады. Билеттерді тек Qairat SuperApp және Freedom SuperApp мобильді қосымшалары арқылы алуға болады.
Орындардың орналасуына байланысты бағасы 1 500 теңгеден 5 000 теңгеге дейін белгіленген.
Клуб өз жанкүйерлеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар арнайы мүмкіндік ұсынып отыр:
Маусым басында ақылы абонемент алған жанкүйерлер жалпы сатылым басталғанға дейін орындарын бірінші болып таңдай алады. Ticketon өкілдері әрбір абонемент иесімен жеке байланысып, барлық ақпаратты ұсынады.
Маусымдық абонемент иелері мен белсенді жанкүйерлер үшін Алматыдан Түркістанға барып-қайтуға арналған тегін автобустар ұйымдастырылады. Автобус матч өтетін күні (11 тамыз) сағат 06:00-де жолға шығады және ойын аяқталған бойда кері қайтады.
Ұйымдастырушылар билеттерді алыпсатарлардан немесе бейресми көздерден сатып алмауды қатаң ескертеді. Бейресми жолмен сатылған билеттердің күші жойылады және олармен стадионға кіру мүмкін болмайды. Билеттерді тек ресми қосымшалар арқылы сатып алу ұсынылады.
Айта кетейік, «Қайрат» «Левскиден» өткен жағдайда келесі плей-офф кезеңінде грекиялық АЕК командасымен кездеседі.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
3 тамыз 2026