Жоспар нашар, негізсіз жоба көп: бюджеттен тиімсіз жұмсалған қаржы 1,7 есе өсті
Мәжілістің пленарлық отырысында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) 2025 жылғы бюджеттің атқарылуына жүргізген аудит қорытындысы жарияланды. Палата басшысы Әлихан Смайылов мемлекеттік шығыстарды басымдықтарға сай бөлу ісіндегі шикіліктер әлі де жойылмай отырғанын мәлімдеді.
Әлихан Смайылов өз сөзінде бюджет процесін оңтайландыру мақсатында мемлекеттік органдардың дербестігін кеңейту тек басымдықтар нақтыланып, цифрлық кемелділік орнаған жерде ғана ақталатынын атап өтті. Алайда, ЖАП басшысының айтуынша, қазіргі жағдай көңіл көшірмейді:
«2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттік үдерісті цифрландыру әлі де іске асыру сатысында қалып отыр. Республикалық бюджет қаражатының қадағалануы тек бюджеттің екінші деңгейіне дейін ғана қамтамасыз етілген. Ал олардың нәтиже параметрлері қолданыстағы ақпараттық жүйелерде мүлдем көрініс таппаған. Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарын интеграциялау толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың деректері бірқатар жағдайларда бір-біріне сәйкес келмейді. Шығыстарды басымдықтарға бөлудегі мәселелер сақталып қалды. 2025 жылы 2,4 трлн теңге қайта бөлінді», – деді ол.
Жоспарлаудың нашарлығы мен негізсіз жобалардың салдары цифрлық көрсеткіштерден де анық көрінеді. Жыл ішінде республикалық бюджеттен 75 млрд теңгенің 99 жобасы толықтай сызылып тасталған.
Ал аяқталуы тиіс деп жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20%-дан астамы іске аспай қалған. Соның салдарынан, тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі 2024 жылғы деңгейден 1,7 есе асып түсті.
Каражатты жаппай игеру де нәтижеге кепіл бола алмады: орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінің орташа есеппен 5%-ы, ал өңірлерде 33%-ы орындалмаған.
Жалпы мемлекеттік деңгейде цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология және басқа да бағыттар бойынша 11 түйінді ұлттық және 30-дан астам мақсатты индикаторларға қол жеткізілмеген.
Бұған қоса, ЖАП басшысы ЖІӨ болжамы 9 трлн теңгеге артығымен орындалғанына қарамастан, бюджетке 335 млрд теңге қаражаттың түспей қалғанына тоқталды:
«Мұның бәрі – жоспарлаудағы кемшіліктер мен салық болжамдардың шамадан тыс оптимистік сипатта болуының салдары… Біздің бағалауымызша, 2025 жылы 2026 жылғы төлемдердің 154 млрд теңгесі есепке жазылып кеткен және 900 млрд теңгеге жуық ҚҚС қайтарылмаған. Алайда, бұл да бюджеттің кіріс және шығыс бөлігінің теңгерімділігін қамтамасыз ете алмады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған 244 млрд теңге бөлінбеді, сондай-ақ қомақты кредиторлық берешек қалыптасты. Бюджет тапшылығы әлі де айтарлықтай жоғары..
Сонымен қатар Смайылов квазимемлекеттік сектордың экономика мен мемлекеттік қаржы жүйесіне тигізетін салмағы әлі де азаймай отырғаны сынады.
Жекешелендіру кешенді жоспарының қарқыны бәсеңдеп, бәсекелестік ортаға негізінен коммуналдық кәсіпорындар ғана өтіп жатыр.
Смайыловтың сөзінше, мұның кесірінен кейбір жағдайларда жергілікті органдар елді мекендерді абаттандыру, көшелерді тазалау сияқты қарапайым қажеттіліктерді жедел әрі сапалы қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылып қалып жатады.
Екінші жағынан, квазимемлекеттік сектордың бюджетке тәуелділігі еселеп артып келеді:
«2025 жылы 812 млрд теңге бағытталды, оның 57%-ы мемлекеттік тапсырыс арқылы бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстың өзі заңды тұлғаларға конкурстан тыс қаржыландыру формасына айналып барады. Кейбір жағдайларда жұмыстар мен қызметтердің айтарлықтай бөлігі қосалқы орындаушыларға беріледі. Квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алулар аясында қосымша 1,4 трлн теңге алды. Тұтастай алғанда, бюджет қаражатын игеру үдерісі атқарушылық тәртіптің төмендігімен және нәтиженің шектеулілігімен сипатталады. Жекелеген субъектілердің қазынашылық шоттарында сұранысқа ие болмаған қалдықтар өте көп», деді ол.
Әлихан Смайылов 2025 жылы бюджетке бюджеттен тыс қорлардың біріктірілгенін айта келе, олардың нақты саны туралы толыққанды есеп пен шынайы мәліметтердің жоқтығын алға тартты.
Оның пайымдауынша, бюджеттің атқарылуы туралы есепте төрт бірдей бюджеттен тыс қордың (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Жәбірленушілерге өтемақы қоры, Арнайы мемлекеттік қор) қызметі туралы ақпарат мүлдем жеткіліксіз.
Бұған дейін палата Ұлттық қордан ел экономикасын дамытуға бөлінген миллиардтаған қаржы тиімсіз жұмсалғанын мәлімдеген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 маусым 2026