Айға сапар: Артемида III екі апта бойы ғарышта аса күрделі сынақтар өткізеді
NASA сейсенбі күні Артемида III (Artemis) миссиясы туралы тың мәлімет беріп, аса күрделі сынақтарды жүзеге асыратын төрт ғарышкерді таныстырды. Ғарыш агенттігі 2028 жылы Адамзат баласын алғаш рет Айдың Оңтүстік полюсіне қондыруды көздеп отыр.
Әзірге NASA Жердің жасанды серігіне сапар қарсаңындағы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен, Артемида III миссиясына 2027 жылы ғаламшар орбитасында «бірнеше күрделі сынақ» өткізу жүктелген.
Артемида III миссиясын жүзеге асыратын төрт ғарышкер:
«Бүгін біз Адамзат баласын Айға қайтару жолындағы тағы бір ең батыл қадамдардың бірін жүзеге асырып жатырмыз», – дейді NASA әкімшісі Джаред Айзекман.
Топ-менеджер америкалық инновация мен халықаралық әріптестік күші күндердің күнінде Күн жүйесіне тереңірек саяхаттауға жол ашатынына сенімді. Айзекман ғарышты бағындырудың «алтын ғасыры» басталғанын мәлімдеді.
Orion кемесіндегі төрт ғарышкерді SLS (Space Launch System) зымыран тасығышы орбитаға алып шығады. Кеме АҚШ-тың Флорда штатындағы Кеннеди атындағы ғарыш айлағынан 2027 жылы ұшады. Orion Жерге жақын төменгі орбитада SpaceX және Blue Origin компаниялары дайындайтын қону аппараттарының прототиптерімен жақындасып, түйісу операцияларын алғаш рет сынайды.
Агенттік осы сынақтың Артемида миссиясы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Өйткені түйісу сәтсіз болса, ғарышкерлерді Айға жеткізу мүмкін емес. NASA жоспары бойынша, ғарышкерлер Жерден Orion-мен ұшады, бірақ ол кеме Айға қона алмайды. Экипаж Ай орбитасында SpaceX немесе Blue Origin-нің қону аппаратына ауысып мінуі тиіс. Егер екі құрылғы ғарышта бір-бірімен мінсіз түйісе алмаса, ғарышкерлер қону аппаратының ішіне кіре алмай, миссия үзіледі.
Айды бағындыру миссиясына екі миллиардер қосылды. Джефф Безостың Blue Origin компаниясы Blue Moon деп аталатын Айға қону модулін дайындап жатыр. Ал әлемнің ең бай адамы – Илон Маскіге тиесілі SpaceX компаниясы Starship кемесінің Айға бейімделген нұсқасын әзірлейді.
NASA Ардемида III миссиясы шамамен екі аптаға созылады деп жоспарлап отыр. Orion кемесі әуелі Blue Origin аппаратымен түйіседі. Екеуінің байланысы шамамен екі тәулікке созылады. Содан кейін Orion одан қайта ажырап, Starship-ті күтеді.
Содан кейін ғана Илон Маск кемесі орбитаға көтеріліп, Orion-мен түйіседі. Жалғанған екеуі тәулік бойы бірге ұшып жүреді. Осы сынақтақ кейін ғана ғарыш кемесі мен оның экипажы Starship-тен ажырап, үйге оралады. Төрт ғарышкер отырған аппарат Тынық мұхитқа түседі. Экипажды АҚШ Әскери-теңіз күштері мен NASA мамандары алып кетеді.
Күрделі сынақтардың бәрі 400 км биіктікте – Жерге жақын төменгі орбитада өтеді. Себебі қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, экипаж бірнеше сағаттың ішінде Жерге қауіпсіз орала алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 2 сәуірге қараған күні Артемида II миссиясындағы төрт ғарышкер Айға аттанды. Олар Жердің табиғи серігіне қонбай, бір айналып қайта оралды. 10 күнге созылған сапар барысында ғарышкерлер Айдың бізге көрінбейтін арғы бетін өз көзімен тамашалайды. Ғарышкерлер Адамзат тарихында алғаш рет Айдың арғы бетінен Жердің батқанын көрді.
NASA-ның Артемида миссиясы 2026 жылдың айтулы оқиғаларының біріне айналды. Мысалы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп-ты «Артемида-2» миссиясының сәтті аяқталуымен құттықтады.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 маусым 2026