"Тым еркелеп кетті": Спорт министрлігі Шайдоров пен Асаубаева туралы
Бүгін Туризм және спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның ісіне қатысты шұғыл баспасөз конференциясын өткізді.
Вице-министр Серік Жарасбаев еліміздің топ спортшылары өздеріне ерекше қарым-қатынасты талап ететінін айтып, олардың «тым қатты еркелеп кеткенін» жеткізді.
Айтуынша, әңгіме Бибісара Асаубаева мен Михаил Шайдоровқа қатысты болып отыр.
Еске сала кетейік, бүгін Бибісара Асаубаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, видео жариялаған еді.
Видеода ол 2025 жылдың желтоқсан айында тағайындалған 2-дәрежелі «Барыс» орденін әлі алмағанын, жарыс алдындағы оқу-жаттығу жиындары оның жеке жүлде қоры мен ата-анасының қаражаты есебінен қаржыландырылғанын айтты.
Ал бүгінгі өткен баспасөз коференциясында министрлік Асаубаеваға оның тығыз графигіне байланысты орденнің табысталмағанын айтып өтті.
Вице-министрдің айтуынша, көбі министрлікті «спортшыларға айлықтың төленбеуі жүйелі сипатқа ие болып кетті ме деген?» деген сұрақтың астына алған.
«Алайда шынымен солай болса, онда бір-екі емес, мың-екі мыңға жуық спортшы жиналып, жалақыларын алмайтынын айтып шу шығаратын еді ғой», – деді ол.
Сонымен қатар Жарасбаев елімізде «тым қатты еркелеп кеткен» жоғары дәрежелі спортшылардың бар екенін атап өтті.
«Шектен тыс еркелеп кеткен топ спортшылар да бар. Бұған да түсіністікпен қарау керек. Олар деңгейі жоғары спортшыға айналған сәтте өздеріне ерекше қарым-қатынасты талап ететіні бар. Сондықтан біз бұл бағытта федерациялармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Егер қандай да бір мәселелер мен сұрақтар туындаса, біз оларды бірге шешуге дайынбыз», – деді ол.
Айтуынша, спорт саласындағы барлық уәкілетті органдар өз спортшыларымен нақты, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс.
«Біз әрбір жиында спортшының толыққанды жарысқа дайындалуына қандай кедергілер мен мәселелер бар екенін міндетті түрде сұрап, оны талқылаймыз. Бұл мәселелерді қос тарап та естіп, бірлесе талқылауы керек», – деді вице-министр.
Министр спорт саласында болған соңғы екі оқиға (Шайдоров пен Асаубаеваға қатысты) министрліктер үшін спортшылармен сөйлесу қажеттігін ұқтыратын кезекті сигнал болды.
«Олармен жиірек кездесулер өткізіп тұру қажет, бірақ олардың тығыз графигі мен жарыстарға дайындығын ескерсек, бұл жауапкершілікті көбіне олармен бірге жұмыс істейтін жаттықтырушылар өз мойнына алуы керек», – деді ол.
Министрлік спорт федерациясымен және ұйымдармен бірлесіп, жақын арада көшпелі кеңес өткізуге дайын екендерін жеткізді.
Осыдан екі күн бұрын ғана Асаубаева FIDE Women’s Circuit рейтингінде көш бастаған еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 маусым 2026