Алаяқтар құрбаны болған Айсәуленің әкесі петиция жариялап, президентке жүгінді
2026 жылғы сәуірде алаяқтар құрбаны болған астаналық студент Айсәуленің әкесі Саябек Қанаха телефон және интернет алаяқтығын «ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп тануды» сұрап, мемлекет басшысына жүгінді.
Қазақ және орыс тілдерінде жазылған петиция президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа, ІІМ басшысы Ержан Сәденовтің атына жолданды. Ашық хат мәтіні epetition.kz – онлайн-петицияға арналған ресми платформада 19 маусымда жарияланды. Құжат «Балаларды алаяқтардан қорғау: Айсәуле Қанаха ісі» деп аталады.
Петиция авторы Саябек Қанаха жоғары билікке ашық үндеу жолдау себебін Kursiv.Media-ға былай деп түсіндірді:
«Қазір Айсәуле ісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Соның барысында байқағаным: киберполдың, басқа да тергеушілердің деңгейі өте таяз. Әр мекеме бір-біріне хат жазумен, оның жауабын 10-15 күн күтумен уақыт өткізеді. Бұл жерде әр секунд өте маңызды. Тез әрекет етпесе, ізі суып кеткен соң киберқылмысты ашу мүмкін емес.
Жеке басымдағы уайым мен қайғы-қасірет мәселесін шешу емес, мемлекеттік деңгейде дұрыс жұмыс істемей тұрған жүйені реформалауды ұсындым«, – деп түсіндірді құжат авторы Kursiv.Media-ға.
Оның пікірінше, құқық қорғау органдарындағы мекемелер жеке-жеке емес, жұмылып жұмыс істеген уақытта ғана нәтиже шығады.
Петицияда Айсәуле Қанаханың алаяқтар қармағына қалай ілінгені мен оның өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барысы баяндалып, билікке нақты ұсыныстар жасалған.
«Шабыт» академиясының студентін өздерін «Ұлттық банк мамандарымыз» деп таныстырған алаяқтар алдаған. 20 жастағы қызға бірнеше күн бойы WhatsApp мессенджері арқылы ауыр психологиялық қысым көрсетіп, отбасының қаражатын бөгде тұлғалардың (дропперлердің) шоттарына аударуға мәжбүрлеген. 1 сәуірде таңертең Айсәуле жұмбақ жағдайда көз жұмды. Марқұм 3 сәуір – 21 жасқа толар туған күні жерленді.
«Біздің адами капиталымызға қарсы бағытталған жоспарлы террор!» – деп сипаттайды кейінгі уақытта белең алған киберқылмыстарды құжат авторы.
Саябаек Қанаха қызы Айсәуле оқыған Астана қаласындағы №66 мектептің бір ғана сыныбынан биыл үш түлек қаза тапқанын атап өтті. Марқұмдардың бірі Оксфорд университетін бітірген.
«Бұл өлімнің барлығы алаяқтық пен бопсалау фактілерімен тікелей байланысты. Жерлеу бюросының қызметкерлері зиратқа 20–21 жастағы жастардың мәйіттері жаппай түсіп жатқаны туралы ашық айтуда. Жастарымыз қорғансыз қалды«, – делінген петицияда.
Саябек Қанаха қылмыстық істі тергеу барысына көңілі толмай, құқық қорғау органдарының жұмысына сын айтты.
«Мемлекеттің қазіргі қарсы іс-қимыл жүйесі толығымен күйреді. ІІМ «Киберпол» төменгі бөлімшелері өздерінің мүлдем дәрменсіз екенін көрсетті: қызметкерлер ағылшын тілін білмейді, IT-криминалистиканың базалық дағдыларынан жұрдай, олар Telegram мен WhatsApp бас кеңселеріне халықаралық сұрау салуларды жедел жіберуге қауқарсыз», – делінген петицияда.
Қанаханың пікірінше, «құқық қорғау органдары барлық жауапкершілікті зардап шеккен азаматтардың өздеріне ысырып қойып, тек өлім мен шығынды тіркейтін енжар бақылаушыға айналған».
Мемлекет басшысына жолдан петицияда нақты жеті ұсыныс бар:
Саябек Қанаха адам өмірлерін сақтап қалу жолында жедел әрі батыл шешімдер қабылданады деп сенеді. Құжат авторы Айсәуле мен жүздеген жас қазақстандықтардың өлімі – осы мәселенің шегіне жеткен нүктесі болуы тиіс деп есептейді.
Осы аптада ғана Айсәуле Қанаха өліміне қатысты істегі дропперлер анықталып, олардан жауап алынғаны мәлім болған.
- Соңғы
- Маусым, 19
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
20 маусым 2026