Атыңызға белгісіз біреу несие рәсімдесе не істеу керек
Алаяқтардың айласы асқан заманда адамдар жиі арбаудың жолына түсіп кетіп жатыр. Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі атыңызға несие рәсімдесе одан шығудың жолын айтып берді.
Атыңызға несие рәсімделгенін қалай білуге болады?
«Кредиттік тарихыңызды тоқсанына 1 рет тексеріп отыру қажет», – деді агенттік.
Мамандардың кеңесінше әр азамат өзінің несие тарихын үнемі тексеріп отыруы қажет. Оны Мемлекеттік кредиттік бюродан, Бірінші кредиттік бюродан, ХҚО-дан немесе egov.kz. порталы арқылы тексере аласыз.
Несие рәсімделген жағдайда не істеу керек?
Ең алдымен дереу банкке немесе микроқаржы ұйымына хабарласу қажет. Картаны, шотты және мобильдік бағдарламаға қолжетімділікті бұғаттау туралы жазбаша өтініш жіберіп, күні мен уақытын көрсете отырып өтінішті тіркеу қажет.
Жазбаша өтініш жасаған кезде оның ресми түрде тіркелгеніне көз жеткізу керек. Бұл кредитормен және мемлекеттік органдармен одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін қажет.
Сондай-ақ қолда бар барлық дәлелдемелерді сақтау маңызды. Мәселен сөйлесулер мен дауыстық хабарламалардың (бар болса), SMS және растау кодтарының жазбаларын, мессенджерлердегі хабарламаларды, кредитордың хабарламаларын, шоттар бойынша үзінді-көшірмелер мен ақша қаражатын алушылардың деректемелерін қоса алғанда, қоңыраулар мен хат алмасуларды тіркеу қажет.
Осыдан кейін полицияға жүгіну керек. Өтінішті eGov, e-Otinish порталы арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша аумақтық полиция органына жеке тапсыруға болады. Өтініш міндетті тіркеуге жатады, содан кейін сотқа дейінгі тергеу басталады.
Өтініште не жазылуы керек?
Өтініште несие алынған күн мен сомасы, кредитордың атауы жазылуы тиіс. Сонымен қатар қарызды рәсімдеу мән-жайларын, алаяқтыққа қатысы бар адамдардың белгілі байланыстарын көрсету, сондай-ақ қолда бар материалдарды – скриншоттарды, үзінді-көшірмелерді, хат алмасуларды және өзге де дәлелдемелерді қоса беру қажет. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген кезден бастап алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалады.
Полициядан «жәбірленуші» деген қаулыны алған соң, оны дереу несие берген банкке немесе микроқаржы ұйымына апарып өткізіңіз.
Осы құжаттың негізінде банк 3 күн ішінде сізден қарызды өндіруді және үстінен өсетін айыппұлдарды уақытша тоқтатуға міндетті.
Егер несие коллекторларға өтіп кеткен болса, оларға да қылмыстық іс қозғалғаны туралы осы құжатты көрсетіңіз.
Егер банк немесе МҚҰ арызыңызды елемей, несиені жоюдан бас тартса, e-Otinish арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымданыңыз.
Ал полиция істі созып, дұрыс тергемесе, аумақтық полиция басшылығына немесе Прокуратураға арызданыңыз.
Айта кететін жайт алаяқтық фактісінің анықталуы несиенің автоматты түрде жойылуын білдірмейді. Қарыз тек екі жағдайда ғана толық кешіріледі.
«Егер банктің ішкі тексерісі барысында олар өз тарапынан қателік кеткенін (мысалы, биометрияны дұрыс тексермегенін) мойындап, несиені соттан тыс өшірсе немесе мәселе сот тәртібімен қаралып, сот несиені заңсыз деп таныса», – деп түсіндірді агенттік.
Айта кетейік, соңғы уақытта құқық қорғау органдары басшыларының аты-жөні мен фотосуреттерін пайдаланып жасалатын алаяқтық жағдайлары жиілеген.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 маусым 2026