Зейнетақыға тағы 4% аударылуы мүмкін: жаңа модель талқыланып жатыр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жүйесін реформалаудың екі нұсқасы қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Оның бірі «4+1» моделі.
Журналистер министрден ел үкіметі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп әзірлеп жатқан зейнетақы жүйесін реформалау жоспарлары туралы сұрады. Сондай-ақ азаматтардың зейнетақы жинақтарының көлемін ұлғайту және зейнетақы активтерінің кірісін арттыру үшін қандай өзгерістер қарастырылып жатқанын нақтылады.
«Зейнетақы жүйесі мынадай бағытта реформалануы мүмкін. Қазір жұмыс берушінің міндетті 5%–дық зейнетақы жарналары бар. Осы 5%-дық аударымға қатысты екі негізгі жоба талқыланып жатыр. Біріншісі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған «4+1» жобасы. Бұл модель жинақтаушы және сақтандыру зейнетақысын қамтиды. «4+1» дегеніміз не? Қазір азаматтың жеке зейнетақы шотына 10% аударылады. Енді оған қосымша тағы 4% аудару ұсынылып отыр, ал 1%-ы ортақ қорға бағытталады. Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қандай ұсыныс жасап отыр? Олар барлық қаражатты бірден ортақ қорға аударып, кейін оны жарна төлеген азаматтар арасында бөлуді ұсынады. Яғни бұл әр азаматтың зейнетақы шотына қосымша қаражат түсуіне мүмкіндік береді», – деп түсіндірді министр Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, бұл мәселелер әзірге жұмыс тобы аясында талқылану үстінде.
«Осы айдың соңына дейін қай жобаға тоқталатынымызды анықтауымыз керек. Шілденің басында Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп әзірленген ортақ ұстанымды Үкіметке енгіземіз. Сол кезде қай жобаның таңдалатыны белгілі болады», – деді Асқарбек Ертаев.
Журналистер сондай-ақ қарастырылып жатқан зейнетақы жүйесін реформалау үлгілерінің қайсысын министр тиімді деп санайтынын сұрады.
«Әртүрлі пікірлер бар. Жеке өзім «4+1″ моделін қолдаймын, өйткені бұл жоба дұрыс бағыт сияқты көрінеді. Сондай-ақ сақтандыру зейнетақысы жүйесін де қолдаймын. Сондықтан осы айдың соңына дейін талқылаулар жалғасады. Келесі айдың басында өз ұстанымымды айтып, не себепті осы нұсқаны таңдағанымды және оның артықшылығы неде екенін түсіндіре аламын», – деді министр.
Зейнетақы реформасының қашан жүзеге асатыны туралы сұраққа министр жыл соңына дейін реформаның нақты үлгісі таңдалып, қажетті заң жобалары дайындалатынын айтты. Оның айтуынша, реформаны енгізу мерзімі келесі жылы белгілі болуы мүмкін.
«Бұл мәселе әлі де талқыланады. Зейнетақы реформасы келесі жылдан бастап енгізіле ме, әлде екі жылдан кейін жүзеге аса ма – бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Бұл бойынша әлі нақты шешім қабылданған жоқ», – деді Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ ол қазіргі таңда жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы 3,5%-ды құрайтынын және бұл көрсеткіш кезең-кезеңімен 5%-ға дейін біртіндеп көтерілетінін түсіндірді.
Еске салсақ, 2026 жылдың төрт айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жалпы активтері 171 млрд теңгеге азайып, 1 мамырға қарай 25,72 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері қордың инвестициялық кірісі теріс мәнде қалыптасып, -2,4 млрд теңге болды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 маусым 2026