Базалық мөлшерлеме: Көрші елдер пайызды біртіндеп төмендетіп жатыр
Қазақстан көрші елдердің арасында базалық мөлшерлемесі ең жоғары мемлекет. Ұлттық банк 24 шілдеде мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендеткенімен, оның деңгейі әлі де 16,75%-ды құрайды.
Салыстыру үшін, Ресей Орталық банкі де 24 шілдеде негізгі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа қысқартып, 14%-ға түсірді. Реттеуші елдегі негізгі инфляция көрсеткіштері баяулағанын және несие өсімі әлсірегенін атап өтті.
Орталық банктердің соңғы қабылдаған шешімдері.Көрсеткіштер жылдық пайызбен берілген.
Өзбекстанда мөлшерлеме Қазақстаннан төмен болғанымен, ақша-несие саясаты қатаң күйінде қалып отыр. Елдің Орталық банкі 29 шілдедегі отырыста негізгі мөлшерлемені 14% деңгейінде өзгертпежі. Реттеуші инфляцияны орта мерзімді перспективада 5%-ға дейін төмендетуді көздейді.
Қырғызстан Ұлттық банкі 27 шілдедегі шешімімен есептік мөлшерлемені 12% деңгейінде сақтап қалды. Бұған дейін, 2026 жылғы ақпанда, мөлшерлеме 11%-дан 12%-ға көтерілген болатын.
Қытайдағы жағдай өзгеше. Елде Қазақстандағыдай бірыңғай базалық мөлшерлеменің орнына бірнеше бағдар қолданылады. Несиелердің негізгі бөлігіне әсер ететін бір жылдық LPR мөлшерлемесі шілдеде 3%, ал ипотекалық нарыққа бағдар болатын бес жылдық LPR 3,5% деңгейінде қалды.
Осылайша, қарастырылған елдер арасында ең жоғары көрсеткіш Қазақстанда — 16,75%. Одан кейін Ресей мен Өзбекстан – 14%, Қырғызстан – 12%, Қытайдың бір жылдық LPR мөлшерлемесі – 3%.
Жоғары базалық мөлшерлеме депозиттердің тартымдылығын арттырып, инфляцияны тежеуге көмектеседі. Бірақ сонымен қатар банктер үшін ақшаның құнын көтеріп, бизнес пен халыққа берілетін несиелердің арзандауын тежейді.
Түрікменстан графикаға енгізілген жоқ. Елдің ақша-несие жүйесінде мемлекеттік және бағытталған несиелеудің үлесі жоғары, ал өзге елдердің базалық мөлшерлемесімен тікелей салыстыруға болатын бірыңғай ашық көрсеткіші жарияланбайды. Халықаралық валюта қоры Түрікменстанға пайыздық мөлшерлемелерді ырықтандыруды ұсынған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 тамыз 2026