Мемлекеттен миллиард теңге субсидия алған Қазпочта таза пайдасын екі есе қысқартты
Мемлекеттен миллиардтаған субсидия алатын Қазпочта былтыр таза пайдасын екі есе қысқартты Бұл туралы Ұлттық почта операторының 2025 жылғы қаржы нәтижесінде жазылған.
Былтыр компанияның таза пайдасы 2024 жылмен салыстырғанда 60,1%-ға қысқарып, 223,3 миллион теңгені құрады (2024 жылы 559,9 миллион теңге пайда алған еді).
Қомпания 2025 жылы мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған ауқымды қолдауға ие болды: былтыр «Қазпочтаға» бөлінген мемлекеттік субсидия көлемі бірден 10 есе өсіп, 9,6 миллиард теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 935,9 миллион теңгені құраған еді.
Оған «Почта туралы» заңға енгізілген өзгеріс себеп болған. Соған сәйкес, ұлттық оператордың ауыл-аймаққа қолма-қол ақша жеткізу қызметі үшін алған ақысы «мемлекеттік субсидия» қатарына жатқызылады.
Сонымен қатар, елдің түпкір-түпкіріне хат, банк карточкасын, газет-журнал жеткізшгені үшін мемлекеттен қаржы бөлінеді.
Негізгі операциялық бағыттар бойынша компания оң динамика көрсеткен. Почта қызметтерінен түскен түсім 41,2 миллиард теңгеге дейін артса, (2024 жылы – 36,4 млрд теңге), қаржы қызметтері мен комиссиядан түскен табыс 21,7 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде, компанияның жедел қызметтерден тапқан жалпы түсімі 62,0 миллиард теңгеден 67,6 миллиард теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ пайыздық кірістер де едәуір артып, 52,0 миллиард теңгеге жетті.
Дегенмен, қаржы шығыны мен активтер құрылымында айтарлықтай өзгерістер орын алды. 2025 жылдың соңында «Қазпочтаның» жиынтық активтері 403,0 миллиард теңгеден 362,4 миллиард теңгеге дейін төмендеді.
Бұл ең алдымен компанияның қолындағы ақшалай қаражат пен оның баламасы 268,7 миллиард теңгеден 207,1 миллиард теңгеге дейін азаюымен түсіндіріледі. Сонымен қатар клиенттердің шоттары мен депозиттеріндегі қалдықтар 290,0 миллиард теңгеден 231,7 миллиард теңгеге дейін қысқарды.
Даму және инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында компания 2025 жылы қарыз көп тартқан.
Жыл ішінде облигация шығару арқылы 25,9 миллиард теңге қаражат тартылса, жалғыз акционер «Самрұқ-Қазына» АҚ тарапынан 1,3 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген уақытша қаржылай көмек берілді.
Соның салдарынан ұзақ мерзімді қарыз көлемі 8,6 миллиард теңгеден 29,8 миллиард теңгеге дейін арқан. Тартылған міндеттемелер бойынша пайыздық шығын 43,4 миллиард теңгені құрады. Яғни алған қарызы мен мідеттемелі компания кірісін «жеп қойған».
Қазақстанның барлық өңірінде логистикалық және қаржы қызметін ұсынатын ұлттық оператордың жалғыз акционері – «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Ал түпкі иесі – Қазақстан Республикасының Үкіметі.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
4 тамыз 2026