Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Билеті 1 млн доллар: Ақ үйде Трамптың 80 жылдығына орай UFC турнирі өтті (фото)

kz.kursiv.media

Билеті 1 млн доллар: Ақ үйде Трамптың 80 жылдығына орай UFC турнирі өтті (фото)

Ақ үй аумағында АҚШ президенті Дональд Трамптың 80 жасқа толуына және ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай аралас жекпе-жектен жарыс ұйымдастырылды. UFC Freedom 250 турниріне 60 млн доллардан астам қаржы жұмсалып, октагондағы шоуды туған күн иесіне жақын адамдар мен қалталылар тамашалады.

Дональд Трамп 2026 жылғы 14 маусымда 80 жасқа толды. Ол 1946 жылы Нью-Йоркте дүниеге келген. Осылайша саясаткер АҚШ тарихындағы ең егде жаста ел басқарушы президенттердің бірі атанды. Оған дейінгі президент Джо Байден де 80 жасқа толуын Ақ үйде атап өткен.

Ел басқарған басқа саясаткерлерге қарағанда, Трамп туған күнін ерекше үлкен ауқымда атап өтті: Ақ үйде аралас жекпе-жектен UFC Freedom 250 турнирі ұйымдастырылды.

Турнирдің басты VIP қонақтары мен ірі демеушілері Ақ үйдегі шоуға қатысу үшін Дональд Трамптың сайлауалды қорына 1 млн доллар көлемінде қайырымдылық жарнасын құйған. Бұл сома ресми билет бағасы ғана емес, Трамптың гольф-клубында өткен арнайы фандрайзинг кешке кіру құны болды. Дәл осы демеушілер Ақ үйде тігілген октагон жанына жайғасты.

Ақ үй ішіндегі шоуды Трамп отбасы, саясаткерлер мен VIP демеушілерден құралған 4 мыңға жуық адам тікелей тамашалады. Ал мыңдаған қарапайым жанкүйер оны сырттағы Эллипс саябағына орнатылған алып экрандар арқылы бақылады.

Вашингтондағы кеш барысында барлығы жеті кәсіби жекпе-жек өтті. Басты кездесуде жеңіл салмақ чемпионы Илья Топурия мен уақытша чемпион Джастин Гэтжи белбеулерді біріктіру үшін жұдырықтасты. Бар болғаны бір раундқа созылған жекпе-жек Топурияның жеңісімен аяқталды.

Тағы бір маңызды кездесуде Алекс Перейра ауыр салмақта Сирил Ганға қарсы шығып, UFC тарихындағы тұңғыш үш дивизионның чемпионы атануға таласты. Жекпе-жекте француз файтері Ган күтпеген жерден жеңіске жетті. Ал Алекстің үш салмақта чемпион болу арманы орылдалмай қалды.

Танымал файтер Шон О’Мэлли екінші раундта Айманн Захабиді таза нокаутпен жеңді.

Ақ үйдегі файтерлер шоуы Құрама Штаттарда үлкен саяси талқылау тудырды. Саяси бәсекелестері Трампты президент резиденциясын жеке мақсаттағы «цирк» шоуына айналдырды деп айыптады. Дегенмен Ақ үй өкілдері осы шараны «Американың жауынгерлік рухын ұлықтау» деп сипаттап отыр.

Турнир қарсаңында UFC-тің орта салмақтағы бұрынғы чемпионы Шон Стрикленд әлеуметтік желілерде Ақ үйді, Трампты және Израиль билігін қатты сынады. Файтер артынша жанкүйерлер орналасқан аймақта тәртіпсіздік жасады. Оны Ақ үй маңындағы шарадан полиция күшімен шығарылуы дауды одан сайын өршітті.

Трамптың туған күні қарсаңында оның есімі жазылған тақтайша Кеннеди орталығынан алынды. Сот осындай шешім шығарған. Бұл да Ақ үйдегі шоуға сәл көлеңке түсірді.

Аралас жекпе-жек жарысы аяқтала салысымен Дональд Трамп Францияда өтетін G7 саммитіне аттанды.

Бір күн бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрама Штаттар басшысы Дональд Трампты туған күнмен құттықтаған.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
15 маусым 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар