Lada Granta Қазақстанда қайта құрастырылатын болады
Көлік құралдарының типін мақұлдау жөніндегі жергілікті реестрде Lada Granta автокөлігіне қатысты сертификаттық құжаттар жарияланды. Автокөлікті Қарағанды облысы Саран қаласындағы Eurasia Tech зауытында шығарылады.
Жаңа зауыт 2026 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Granta-мен қатар бұл зауытта Largus моделін де Қазақстанда құрастыру жоспарланған. Оған арналған көлік құралын типін мақұлдау құжаты биыл қаңтар айында рәсімделген болатын.
Құжаттарға сүйенсек, Қазақстанда Granta үш нұсқада құрастырылады: седан және лифтбек шанақтағы екі модификация – стандартты және Cross нұсқасы.
Автокөліктерге тек бір ғана сертификатталған қозғалтқыш ұсынылған – 1,6 литрлік атмосфералық 8 клапанды қатарлы ВАЗ-11182 моторы. Ол 90 ат күші мен 143 Нм айналу моментін береді. Қозғалтқыштың қуаты алдыңғы дөңгелектерге 5 сатылы механикалық беріліс қорабы арқылы беріледі.
Айта кетейік, болашақта АВТОВАЗ бұл қозғалтқышты вариатормен де жабдықтауды жоспарлап отыр. Сондықтан мұндай нұсқадағы Granta моделі отандық нарықта да пайда болуы мүмкін.
Eurasia Tech зауытын іске қосу және Lada көліктерін құрастырудың нақты мерзімі әлі жарияланбады. Қазір елдегі автосалондарда Granta седандары 2025 жылғы шығарылымы үшін шамамен 5,7 млн теңгеден, ал лифтбек нұсқалары 5,9 млн теңгеден басталады.
Қазақстандағы Largus тарихы 2016 жылы Өскемендегі «Азия Авто» зауытында басталды. Ол кезде холдинг басшылығы АвтоВАЗ-дың бірден жеті моделін, оның ішінде Lada Granta, Kalina және Vesta модельдерін іске қосуды уәде етіп, Қазақстанды экспорттық хабқа айналдыруды көздеген.
Алайда 2020 жылы дәнекерлеу және бояу цехтарын салу жөніндегі міндеттемелер орындалмағандықтан, кәсіпорынмен жасалған келісім бұзылды. Нәтижесінде 174 млрд теңге көлемінде талап-арыз қойылып, зауыт жұмысы толық тоқтатылды. Оның соңында олигарх Анатолий Балушкинге іздеу жарияланып, топ-менеджерлерге қатысты тергеу басталды. Осылайша жоба сәтсіз аяқталды.
Ал 2021 жылы Lada Largus және өзге де модельдерді құрастыру Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытына көшірілді. Алайда өндіріс енді қарқын ала бастағанда, оған саяси жағдай әсер етті. 2022 жылғы наурызда АвтоВАЗ қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болып, машиналарды жеткізу мүмкін болмай қалды. Соның салдарынан конвейерлер тоқтап, тараптар келіссөз жүргізуге мәжбүр болды.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
10 маусым 2026