Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Депутат түнгі заңсыз жарыстарға қатысты жазаны күшейтуді ұсынды

kz.kursiv.media

Депутат түнгі заңсыз жарыстарға қатысты жазаны күшейтуді ұсынды

Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзатын мотоциклдер мен тюнинг жасалған автокөліктерге қатысты бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Депутат бұл мәселені Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Оның айтуынша, қалалардың орталық көшелерінде кейбір жүргізушілер рұқсат етілмеген жарыстар ұйымдастырып, жылдамдықты асырады, пиротехника қолданады және тұрғын үйлер орналасқан аумақта әдейі қатты шу шығарады. Депутат мұндай әрекеттерді тек жол қозғалысы ережелерін бұзу емес, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындардың тыныштығына қатысты мәселе деп санайды.

Кендебай Адамбектің айтуынша, мұндай құқық бұзудың бір бөлігі тиісті деңгейде тіркелмейді. Көп жағдайда тиісті іс-шара тұрғындардың шағымынан кейін ғана қабылданады.

Осыған байланысты депутат шу деңгейін автоматты түрде тіркейтін акустикалық құрылғыларды фото және бейнетіркеу жүйелеріне біріктіру бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды.

«Түнгі заңсыз жарыстардың жолын кесу және көліктердің шығару жүйесіне заңсыз өзгерістер енгізілгенін тексеру үшін патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру қажет», – деді Кендебай Адамбек.

Депутаттың тағы бір ұсынысы – көлікке енгізілген заңсыз техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлігін арнайы тұраққа қою.

Сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін белгіленген жазаның тиімділігін қайта қарау қажеттігі айтылды. Қазір мұндай құқық бұзушылық үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл қарастырылған.

Кендебай Адамбек жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеуді де ұсынды. Бұл ретте қоғамды әдейі және ашық түрде құрметтемеудің белгілері мен тиісті дәлелдемелерді жинау тәртібін нақтылау қажет екенін айтты.

Депутаттың пікірінше, ұсынылып отырған шаралар түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың тыныштығын сақтауға және заңсыз көлік жарыстарының алдын алуға бағытталуы тиіс.

Күні кеше бұл мәселе Үкімет отырысында көтеріліп, Премьер-министр Олжас Бектенов түнде шу шығарып, елдің мазасын алатын көлік пен мотоцикл иелерін қамау керегін айтқан.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
23 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар