Депутат жастарды блогерлерден гөрі ғалымдар мен инженерлерге еліктеуге шақырды
Қазақстанда жастардың ғылым мен технологияға қызығушылығын арттыру үшін мектептегі білім беру тәсілдерін өзгерту ұсынылды. Депутат Дихан Қамзабекұлы оқушыларды ерте жастан инженерлік, техникалық және жаратылыстану бағыттарына баулып, ғалымдар мен өнертапқыштарды жастарға үлгі етудің бірнеше жолын ұсынды. Ол бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың айтуынша, ғылым мен инновацияның негізі мектептен қалануы керек. Алайда қазір жастардың бір бөлігі әлеуметтік желідегі блогерлер мен коучтарға еліктеп, көп күш жұмсамай тез ақша табуға ұмтылатынын айтты.
«Бүгінде жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады», – деді Дихан Қамзабекұлы.
Ол жастарға ғылым мен технологияға үлес қосқан қазақ ғалымдары мен инженерлерін үлгі етудің маңызын атап өтті. Депутат Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Мұрат Айтқожин және басқа да ғалымдардың еңбегін білім беру жүйесінде кеңінен насихаттауды ұсынды.
Депутат сауалында ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар және басқа да интеллектуал тұлғалардың қоғамдық беделін жастарға танытатын арнайы жоба әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар ғылым мен технологияға елеулі үлес қосқан тұлғаларды ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда тұрақты насихаттау, инженерлік-техникалық және жаратылыстану мамандықтарына талантты жастарды тартуға арналған бағдарламалар әзірлеу қажеттігін айтты.
Депутат орта білім беру ұйымдарының, соның ішінде келешек мектептері мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесін бағалауда инженерлік-техникалық және жаратылыстану бағытындағы конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің жетістігін жеке көрсеткіш ретінде енгізуді ұсынды.
Оның пікірінше, мұндай жұмыстар оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып, елге қажетті инженерлік және технологиялық мамандарды даярлауға негіз болады.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбірден жаңа сусын әзірледі.
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
- Қыркүйек, 22
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
23 қыркүйек 2026