Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Диктант, мазмұндама, бақылау жұмысы: 2-4-сыныптарда аралық бағалау басталады

kz.kursiv.media

Диктант, мазмұндама, бақылау жұмысы: 2-4-сыныптарда аралық бағалау басталады

2-4 сынып оқушылары 23-30 қыркүйек аралығында алғашқы аралық бағалау жұмысын жазады. Оқушылар қазақ немесе орыс тілінен диктант жазып, мәтін бойынша тапсырмалар орындайды, ал математикадан бақылау жұмысын жазады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Оқу-ағарту министрлігі мәлім еткендей, бағалау кезінде балалардың тек дұрыс жауап беруі емес, мәтінді қаншалықты түсінетіні, өз ойын жеткізе алатыны және есепті шешу жолын дұрыс таңдай білуі де ескеріледі.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Қазақ немесе орыс тілі пәнінен оқушылар диктант жазып, оқу сауаттылығына қатысты тапсырмаларды орындайды. Мұнда баланың сауатты жазуы және мәтіннің мазмұнын түсінуі бағаланады.

Әдебиеттік оқу пәнінен шығарма немесе мазмұндама жазып, мәтін бойынша тапсырмалар орындайды. Оқушының негізгі ойды анықтауы және өз пікірін жүйелі жеткізе алуы ескеріледі.

Математикадан бақылау жұмысы болады. Балалардың есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсінуі, дұрыс шешу жолын таңдауы және жауабын түсіндіре алуы бағаланады.

Бір аралық бағалау жұмысына 40 минут беріледі. Ең жоғары балл сыныпқа қарай өзгереді:

2026-2027 оқу жылынан бастап 2-4 сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Яғни оқушы тоқсан соңындағы бір ғана жұмыс арқылы бағаланбайды.

Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Мұғалім әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде жартысын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша қойылады.

Ал 1-сынып оқушыларына балдық бағалау қойылмайды.

Министрлік оқушының жазу ерекшелігі арнайы бағалау мақсаты болмаса, оның бағасына әсер етпеуі керек екенін атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, бағалаудың негізгі мақсаты – балаға жай ғана баға қою емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтап, оқу барысындағы ілгерілеуін бақылау және әрі қарай дамуына бағыт беру.

«Бағалау баланың алға жылжуына көмектесетін кері байланыс құралы болуы тиіс», – деп атап өтті министрлік.

Еске салайық, биылдан бастап екінші сыныптан аралық бақылау жұмыстары да нақты жүйеге келтірілген. Мысалы, қай күні диктант, мазмұндама немесе шығарма алынатыны, әр сыныпта қанша сөз жазылуы керектігі және жұмыстың қандай критерий бойынша бағаланатыны белгіленген.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
22 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар