Криптонесие ұсынған Alem Credit алаяқтық күдігіне ілікті
Қаржы мониторинг агенттігі Alemcredit.com интернет-ресурсын тексеріп жатыр деп хабарлайды Kursiv Media. Құзырлы орган дерегінше, осы портал арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен алаяқтық жасалған болуы мүмкін.
Тергеу дерегінше, әлеуметтік желіге жарнама жасап, азаматтар тартқан. Оларға тиімді шарттармен қарыз беріледі деп уәде берген. Несие рәсімдеу үшін жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтуді, жеке деректерін ұсынып, элекронды құжатқа қол қоюды талап етеді.
Бірақ шын мәнінде несие шарттары бастапқы көрсетілген талаптан әлдеқайда басқаша болған. Уәде етілген сомадан әлдеқайда аз ақша аударылып, бір бөлігі ескертілмеген комсиссия мен басқа да төлем ретінде ұсталған. Мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген. Ал қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.
Alemcredit.com иелерін тінту кезінде жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді. Қазір іске қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Интернетте Alemcredit.com ресурсы өзін «жаңа буынның қаржы компаниясы» деп таныстырған. Қарыз беру үшін стейблкойндарды пайдаланады.
Осы айда «Ақ жол» фракциясының депутаттары Бас прокуратураға, ІІМ-ге және Қаржы мониторинг агенттігіне хат жолдап, Alem Credit-ті тексеруді талап еткен еді. Депутаттар дерегінше, компания клиенттері атынан жаппай шағым түскен. Оларға 50 мың теңгеге несие рәсімделді деп көрсеткенмен, шын мәнінде тек 32 мың теңге ғана барған. Бірақ сол қаржыны 752 мың теңге етіп қайтаруды талап еткен көрінеді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қыркүйек 2026