1 қазаннан бастап маңдайшаларды ілудің жаңа тәртібі күшіне енеді
2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда маңдайшаларды орналастырудың жаңа ережелері қолданысқа енгізіледі. Енді кәсіпкерлер ғимараттар мен нысандарға маңдайша ілмес бұрын оның эскизін жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісуге міндетті болады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ғылым және жоғары білім министрінің тиісті бұйрығына сәйкес, жаңа мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.
Өтініштерді республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдіктері қабылдайды. Құжаттарды жергілікті органның канцеляриясы арқылы да, eGov электронды үкімет порталы арқылы да тапсыруға болады. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі құжаттар түскен күннен бастап 4 жұмыс күнін құрайды.
Қызметті алу үшін өтініш, маңдайшаның эскизі және жеке басты куәландыратын құжат қажет. Ал eGov порталы арқылы жүгінген жағдайда электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған өтінім мен эскиздің электронды көшірмесі талап етіледі.
Айта кету керек, маңдайшаларға кәсіпкерлік субъектісінің атауы, қызмет түрі мен тауарлық белгілері орналасқан ақпараттық тақтайшалар жатады.
Олар нысанға кіреберісте, шарбақта, ғимараттың фасадында немесе шатырында орнатылуы мүмкін. Ал сыртқы визуалды жарнама нысандарына бұл ереже жүрмейді, олар үшін бөлек тәртіп қарастырылған.
Еске салсақ, 1 қазанға дейін маңдайшаларды орнату хабарлама беру сипатында жүзеге асырылып келген еді.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
21 қыркүйек 2026