Белгілі спорт журналисі Ғалым Сүлеймен қайтыс болды
Қазақстанда белгілі журналист, спорт комментаторы Ғалым Қамашұлы Сүлеймен қайтыс болды. Оның отбасы, туған-туыстары мен әріптестеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі көңіл айтты, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Ғалым Сүлеймен кәсіби еңбек жолын 1994 жылы «Өркен-Горизонт» газетінде бастаған. 1996-2004 жылдары «Egemen Qazaqstan» басылымында спорт шолушысы болып қызмет атқарды.
2004 жылы «Sports&kz» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Кейін республикалық «Aiqyn» газетінде еңбек етіп, «Берен» спорт журналының жұмысына атсалысты.
Журналист соңғы жылдарына дейін «Egemen Qazaqstan» газетінде қызметін жалғастырып, «Берен/Beren live» YouTube арнасы арқылы отандық спортты насихаттады.
Сонымен қатар, Ғалым Сүлеймен Қазақстан телеарналарында көптеген спорттық жарыстарға комментаторлық жасап, кәсіби спорт комментаторы ретінде көпшілікке танылды.
Оның отандық спорт журналистикасын дамытуға қосқан үлесі мемлекеттік және кәсіби марапаттармен атап өтілген. Ол Қазақстан Республикасы президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының стипендиаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сондай-ақ Сейдахмет Бердіқұлов атындағы мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Ғалым Сүлейменнің кәсіби жолы мен қазақ журналистикасына қосқан үлесі әріптестері мен оқырмандарының жадында қалатынын атап өтті.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
18 қыркүйек 2026