Қазақстандағы инвестицияның 86%-ы бюджеттен тыс қаржыландырылды
2026 жылдың қаңтар–тамызында Қазақстанда негізгі капиталға 13,5 трлн теңге инвестиция салынды. Оның тек 14%-ы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылған. Яғни инвестицияның қалған 86%-ы бизнес қаражаты, банк несиелері және басқа қарыз көздері арқылы келген, деп хабарлайды Kursiv Media Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасай отырып.
Бір жылда инвестиция көлемі салыстырмалы бағамен 8,1%-ға өсті. Оның ең үлкен бөлігі – кәсіпорындардың өз қаражаты. Компаниялар сегіз айда инвестицияға 9 трлн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Бұл барлық салымның 66,7%-ына тең. Былтыр осы кезеңде меншікті қаражаттың үлесі 63,4% болған.
Мемлекеттік бюджеттен негізгі капиталға 1,89 трлн теңге бағытталған. Оның жалпы инвестициядағы үлесі 14% болды. Салыстыру үшін, 2025 жылдың қаңтар–тамызында бұл көрсеткіш 23% болған. Статистика бюросының мәліметінше, бюджет қаражаты есебінен салынған инвестиция бір жылда 33,1%-ға азайған.
Бюджеттен бөлек, инвестицияның тағы 13,7%-ы немесе 1,85 трлн теңгесі басқа қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Оның 415 млрд теңгеге жуығы резидент еместерден алынған қаражатқа тиесілі.
Қазақстан банктерінің нақты секторды инвестиция арқылы қаржыландырудағы үлесі әлі де салыстырмалы түрде төмен. Қаңтар–тамызда банк несиелері есебінен негізгі капиталға 751 млрд теңге салынған. Бұл барлық инвестицияның 5,6%-ы ғана. Дегенмен былтыр осы кезеңде банктердің үлесі 3,5% болған.
Шетелдік банктер берген несиелердің көлемі небәрі 20,2 млрд теңге, яғни жалпы инвестицияның 0,1%-ын құрады.
Инвестицияның ең үлкен бөлігі өнеркәсіпке – 40,6% бағытталған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%, тау-кен саласының үлесі 13,9% болды.
Бұдан кейін жылжымайтын мүлік операциялары – 18,9%, көлік және қоймалау – 17,6%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 5,6% үлеске ие.
Өңірлер арасында инвестиция өсімі Ұлытау облысында 93,7%, Жамбыл облысында 48,7%, Түркістан облысында 34,4% болған. Ал Жетісу облысында инвестиция көлемі 29,1%, Қарағанды облысында 5%-ға төмендеген.
- Соңғы
-
-
-
- Қыркүйек, 17
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
18 қыркүйек 2026