Индонезия қазақстандықтар үшін визасыз кіру ережесін өзгертті
Қазақстан азаматтары 2026 жылдың шілдесінен бастап Индонезияға визасыз кіріп, елде 30 күнге дейін бола алады, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Сыртқы істер министрлігі хабарлауынша, визасыз режим тегін негізде және бір рет кіру мүмкіндігін қарастырады.
Индонезия СІМ шешіміне сәйкес, Қазақстан азаматтары ұлттық төлқұжатымен елге визасыз кіре алады. Елде болудың ең ұзақ мерзімі – келген күннен бастап 30 күн.
Қазақстан СІМ ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, бұл шешім өзара визасыз режим қағидаты негізінде қабылданған. Қазақстан бұған дейін Индонезия азаматтарына елге визасыз кіріп, 30 күнге дейін болуға мүмкіндік берген.
Осылайша, екі ел азаматтары үшін де 30 күнге дейінгі өзара визасыз режим қолданылады.
Қазақстан азаматтары сапар алдында Индонезияның кіру талаптарын ескеруі қажет.
2025 жылдың 1 қазанынан бастап шетелден Индонезияға келетін барлық жолаушы бірыңғай электронды All Indonesia декларациясын толтыруға міндетті. Декларация тегін рәсімделеді және оны елге келгенге дейін алдын ала толтыруға болады.
Айта кетейік, Грузия рұқсатсыз жұмыс істеген қазақстандықтарды елден шығара бастайтыны туралы жазған едік.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қыркүйек 2026