Бостандыққа шыққан экс-банкир Жомарт Ертаев 6 жыл бойы бақылауда болады
Миллиардтаған қаражатты жымқырды деп сотталған экс-банкир Жомарт Ертаев жаза мерзімін толық өтеп шықты, алайда оның жазаға қатысты шектеулері әлі аяқталған жоқ, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Ертаевтың босатылуына қатысты ақпаратқа Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) түсінік берді.
«Заңнамаға сәйкес бұл сотталған адамға қатысты 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау жүзеге асырылатын болады. Әкімшілік қадағалау бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның мінез-құлқына ішкі істер органдары тарапынан заңмен белгіленген бақылау жасауды білдіреді», – деп мәлімдеді ҚАЖК.
Жомарт Ертаев 1972 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2000 жылдардың басында «Альянс Банкті» басқарды, кейін «БТА Банкте» және «Евразийский банкте» жұмыс істеді. Сондай-ақ «Алма-ТВ» пен Alma Group компанияларын басқарды.
Ертаев «Альянс Банктен» 1,1 миллиард доллар жымқырды деген іс бойынша ұсталды. Тергеу изоляторында тоғыз ай отырғаннан кейін ол шартты түрде жаза алды.
2020 жылы ол «Bank RBK» банкінен 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. 2021 жылы бұл мерзім тоғыз жылға қысқартылды.
Айта кетейік, осыған дейін Ертаевтың бостандыққа шыққаны туралы жазған едік.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
17 қыркүйек 2026