Сауда айналымы екі есе өсті: Шаққалиев Қазақстанның ДСҰ-дағы жетістіктерін атады
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қатысуы елдің сыртқы саудасы мен экспорттық мүмкіндіктерінің өсуіне ықпал етті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға қатысқанына 11 жыл ішінде елдің тауар айналымы екі есеге өскен. Қазіргі таңда әлемдік сауданың 98 пайызы ДСҰ-ға мүше мемлекеттер арасында жүзеге асырылады.
«Біз үшін ДСҰ-ға кірудің негізгі мәні экспорттық мүддеміз бар нарықтарға түсінікті әрі кемсітпейтін сауда ережелерінің болуы», – деді Арман Шаққалиев.
Оның сөзінше, Қазақстан үшін Қытай, Еуропалық одақ және АҚШ нарықтары маңызды бағыттардың қатарында. Бұл елдер мен өңірлердің барлығы ДСҰ мүшелері болғандықтан, ұйым аясындағы ортақ сауда қағидалары Қазақстан экспорты үшін маңызды.
Министр әлемде протекционизм үрдісі күшейіп, бірқатар елдердің ішкі сауда кедергілерін арттырып отырғанын да атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жағдайда ДСҰ-ның рөлі одан әрі өзекті бола түседі.
«Бүгінде протекционизмнің күшеюі және ішкі нарықтағы жаңа тосқауылдардың пайда болуы ДСҰ-ның өзектілігін арттырады», – деді министр.
Арман Шаққалиев Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі шетелдік инвесторлар үшін де маңызды фактор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұйым мүшелігі елдің халықаралық сауда міндеттемелерін орындауға дайын екенін көрсетеді.
Министр Қазақстанның ДСҰ аясындағы міндеттемелерінің орындалуына қатысты соңғы шолудың нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылғы шолу барысында Қазақстанның өз міндеттемелерін толық орындағаны расталған.
«Қазақстанның ДСҰ-ға қатысуы – бұл тауар айналымының екі есеге өсуі, экспорттық мүмкіндіктердің артуы және инвесторлар үшін белгілі бір деңгейде сенім көрсеткіші», – деді ол.
Тағы да оқыңыз: Қазақстан ДСҰ-ның ішкі реттеу қағидаларына қосылады
- Соңғы
-
-
-
-
-
-
-
- Қыркүйек, 15
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
-
Күнделікті жаңалықтар
16 қыркүйек 2026