Корея үкіметі Алатау қаласын салуға көмектеспекші
Тоқаев Корея Республикасының премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесті деп хабарлайды Kursiv Media.
Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтер арасындағы ықпалдастықтың басым бағыттарына тоқталды.
«Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеу өте өзекті деп білемін. Сонымен қатар локализациялау және өнімді үшінші нарыққа шығару бойынша перспективті жобаларды қамти отырып, өндірістік кооперацияның жеке жол картасын дайындау маңызды деп санаймын, – деді президент.
Ал премьер-министр Хан Сон Сук Алатау қаласын дамытуға қолдау білдіретінін атап өтті.
«Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Осы саммит аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық, әсіресе, экономика, энергетикалық тасымал тізбегі бағыттарында жандана түседі деп үміттенемін. Сондай-ақ Корея Алатау қаласын дамытуда Қазақстанның әлеуетті серіктестерінің бірі болады деп ойлаймын», – деді Корея Республикасының Үкімет басшысы.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ал өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқан.
Сондай-ақ кездесу барысында көлік-логистика, аса маңызды материалдар, машина жасау, цифрландыру және жасанды интеллект пен медицинаны дамыту салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру жоспары талқыланды.
Оқи отырыңыз: Кореялық Lotte компаниясы Алатауда жаңа қонақүй салады
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қыркүйек 2026