Зерделі ұлт бастар рухани жол
Кітап оқу – адамның білімін арттырып қана қоймай, ойлау қабілетін жетілдіретін, дүниетанымын кеңейтетін маңызды құрал. Қоғамның интеллектуалдық әлеуетін көтеру мен жастардың рухани дамуына жағдай жасау осы мәдениетті қалыптастырудан басталады. Осы бағытта елімізде кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Құжаттың негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқуды кеңінен насихаттап, білімге, ізденіске және рухани дамуға деген ұмтылысты күшейту.
Осы бастаманы жүзеге асыру аясында Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен Шымкент қаласы Полиция департаменті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның нәтижесінде Полиция департаменті жанынан жылжымалы кітап пункті ашылды.
Жаңа кітап пункті қызметкерлердің бос уақытын тиімді пайдалануына, білімін жетілдіруіне және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – кітапхана қызметін дәстүрлі ғимаратпен шектемей, кітапты адамдардың күнделікті ортасына жақындатудың бір үлгісі.
Шара барысында кітап оқудың маңызы, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және жастардың рухани-мәдени дамуына қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Жиында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Ондасынова және Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова жылжымалы кітап пунктінің ашылуымен құттықтап, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Мұндай бастамалар кітапты тек білім алу құралы емес, адамның рухани қалыптасуына ықпал ететін маңызды құндылық ретінде танытуға жол ашады. Әсіресе жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасау – зерделі әрі білімді ұрпақ тәрбиелеудің маңызды бағыттарының бірі.
Кітап оқу мәдениеті бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасыдан, мектептен, еңбек ұжымынан және қоғамның ортақ қолдауынан бастау алады. Ал жылжымалы кітап пункті секілді жобалар осы үрдісті күнделікті өмірге енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде кітапқа жақын, ізденуге құштар және рухани тұрғыдан кемел қоғам қалыптастыруға негіз қаланады.
Төлеген Абдрасилов
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
14 қыркүйек 2026