Біздің веб-сайт шолу тәжірибеңізді қамтамасыз ету үшін cookie файлдарын пайдаланады және тиісті ақпарат. Біздің веб-сайтты пайдалануды жалғастырмас бұрын, сіз Cookie саясатымен және құпиялылығымен келісесіз және қабылдайсыз. cookie файлдары және құпиялылық.

Қазақстан не сатады, не сатып алады: сыртқы саудадағы ірі 20 тауар анықталды

kz.kursiv.media

Қазақстан не сатады, не сатып алады: сыртқы саудадағы ірі 20 тауар анықталды

Қазақстан жеті айда әлем елдерімен $87,7 млрд-тың саудасын жасады. Бір қызығы, елдің сыртқа сататын тауарлары бірнеше шикізатқа қатты тәуелді болса, импорт әлдеқайда әркелкі. Мәселен, экспорттың жартысына жуығы бір ғана мұнайға тиесілі, ал импорттағы ең ірі тауардың үлесі небәрі 3,2%.

Kursiv Media Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қаңтар–шілдедегі сыртқы сауда деректеріне сүйеніп, Қазақстан шетелге ең көп сататын және сырттан ең көп сатып алатын 20 тауарды зерттеп көрді. Жеті айда экспорт $50,9 млрд, импорт $36,9 млрд болды. Жалпы сыртқы сауда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,7% өскен.

Қазақстан экспортының негізін бұрынғыдай шикізат құрайды. Жеті айда ел шетелге $24,5 млрд-тың шикі мұнайын сатқан. Бұл Қазақстанның бүкіл экспорт түсімінің шамамен 48%-ына тең. Яғни экспорттан түскен әр екі доллардың біріне жуығы мұнайдан келген.

Екінші орында тазартылған мыс пен мыс қорытпалары тұр – $3,38 млрд. Одан кейін радиоактивті элементтер мен изотоптар, негізінен уран өнімдері, сондай-ақ мыс кені мен ферроқорытпалар орналасқан.

Осы бес тауардың өзіне Қазақстан экспортының шамамен үштен екісі тиесілі. Ал Kursiv Media есептеген TOP-20 тауар жалпы экспорттың шамамен 83%-ын құрайды. Бұл елдің экспорттық түсімі әлі де тауарлардың салыстырмалы түрде шағын тобына тәуелді екенін көрсетеді.

Сонымен бірге алғашқы жиырмалықта ауыл шаруашылығы өнімдері де бар. Бидай экспорты жеті айда $1 млрд-тан асты және жалпы тізімде алтыншы орынға шықты. Күнбағыс, мақсары және мақта майы да алғашқы ондыққа кірді. Одан бөлек Қазақстан шетелге зығыр тұқымын және ұнды едәуір көлемде сатып отыр.

Металдардың үлесі де жоғары. Алғашқы жиырмалықтан мыс, күміс, темір кені, алтын, алюминий мен мырышты көруге болады. Көмір мен күкірт те Қазақстанның ірі экспорттық тауарларының қатарында.

ҰСБ дерегінше, Қазақстан экспорты бір жылда 15,8% өскен. Елдің негізгі экспорт нарықтары – Қытай, Италия, Ресей, Түркия, Нидерланд және Франция. Қытайға жалпы экспорттың 18%-ы, Италияға 17,7%-ы жөнелтілген. толығырақ

Импортта мүлде басқа көрініс байқалады. Қазақстанның шетелден сатып алатын тауарлары бір ғана өнімге тәуелді емес. TOP-20 тауардың өзі бүкіл импорттың шамамен 32%-ын ғана құрайды.

Жеті айдағы ең ірі импорттық тауар – жеңіл автомобильдер. Қазақстан сырттан шамамен $1,18 млрд-тың жеңіл көлігін әкелген. Бірақ оның бүкіл импорттағы үлесі небәрі 3,2%.

Екінші орында телефондар мен байланыс жабдықтары тұр. Олардың импорты $1 млрд-тан асты. Ал алғашқы үштікті дәрі-дәрмек түйіндейді.

Импорт тізімінде автомобиль саласының салмағы бірден байқалады. Жеңіл көліктерден бөлек, алғашқы ондыққа автомобиль шанақтары мен кабиналары және көлік бөлшектері де кірген. Бұл Қазақстандағы автокөлік өндірісінің сырттан әкелінетін жинақтаушы бөлшектерге сұранысын да көрсетеді.

Тағы бір ірі бағыт – энергетика мен өнеркәсіпке арналған жабдықтар. Электр генераторлық қондырғылар, газ турбиналары, кен өңдеу жабдықтары, экскаваторлар мен өзге арнайы техника импорттың ірі баптарына айналған.

Компьютерлер де алғашқы ондықта. Бұдан бөлек Қазақстан ұшақтар мен тікұшақтарды, медициналық препараттарды, шиналарды және өнеркәсіптік жабдықтарды көп сатып алған.

Импорт жеті айда бір жыл бұрынғыдан 4,3% көбейді. Қазақстанға тауар ең көп Ресей мен Қытайдан келеді: осы екі елдің жиынтық үлесі бүкіл импорттың 60%-ынан асады. Одан кейін Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және Түркия орналасқан.

Жалпы жеті айда Қазақстан сыртқа сатқан тауарынан сырттан сатып алғанынан шамамен $14 млрд артық түсім алды. Алайда экспорт пен импорт құрылымының айырмасы анық: экспортта мұнай, металдар мен уран басым болса, импорт көлік, электроника, дәрі-дәрмек және түрлі өндірістік жабдықтар арасында бөлінген.

  • Соңғы
Басқа жаңалықтар

Күнделікті жаңалықтар

Бүгін,
15 қыркүйек 2026

Тақырып бойынша жаңалықтар

Басқа жаңалықтар