Қазақстан чемпионының қаза тапқанына байланысты полиция тексеру бастады
Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінде есту қабілеті бұзылған қазақстандық спортшы Әділ Тілектес көз жұмды, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Бұл ақпаратты Шымкент қалалық полиция департаменті растады.
«Қала кәсіпорындарының бірінің аумағында жұмысшының қаза болуы дерегі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам жұмыс кезінде электр тоғының соғуы салдарынан қаза тапқан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Департамент басқа мәліметтерді жариялаған жоқ.
Sportbugin.kz басылымының ақпаратына сүйенсек, спортшы кафель шығаратын зауытта жұмыс істеген.
Әділ Тілектес бала кезінен спортпен шұғылданған. Есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы еркін және грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаттарында жүлделі орындарды иеленген. 2018 жылы 55 кг салмақ дәрежесінде грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы атанды. 2019 жылы ересектер арасындағы грек-рим күресінен Қазақстан командалық чемпионатында бірінші орынды иеленді.
Сонымен қатар, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері атанған.
- Соңғы
Күнделікті жаңалықтар
15 қыркүйек 2026